Жаңалықтар

Астанада шахматтан «Senat Open» Республикалық турнирінің финалдық кезеңі өтті

Астанада шахматтан «Senat Open» Республикалық турнирінің финалдық кезеңі өтті
Фото: Сенат 31.08.2024 16:45 481

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев шахматтан Парламент Сенатының Ашық кубогы – «Senat Open» турнирінің финалдық кезеңінің ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Senat Open» сайысына 2000-нан астам әуесқой шахматшы қатысты. Олардың қатарында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, облыстық және қалалық қоғамдық кеңестің мүшелері және БАҚ өкілдері бар.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде мұндай турнирлер елімізде, оның ішінде өңірлерде шахматты дәріптеп, дамытуға айтарлықтай ықпал ететінін айтты. Сондай-ақ ол бұл бағытқа Мемлекет басшысы баса мән беріп отырғанын тілге тиек етті.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде шахматты дамытуға және дәріптеуге ерекше көңіл бөліп келеді. Бүгінде бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Соның аясында зияткерлік ойынды дәріптеу мақсатымен «Senat Open» турнирін өткізуді қолға алдық. Сайысқа Парламент пен мәслихат депутаттары, әкімдіктер жанындағы Қоғамдық кеңестердің мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты. Бүгін – 5 айға жалғасқан турнирдің шешуші кезеңі. Финалдық кезеңге облыстық, сондай-ақ, Астана, Алматы және Шымкент мәслихаттарының төрағалары бастаған барлық өңірдің делегациялары қатысып жатыр, – деді Палата Спикері.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы былтыр елімізде Шахматты дамытуға арналған 2027 жылға дейінгі кешенді жоспар қабылданғанын атап өтті. Бұл құжат шахматты балалар мен ересектер арасында кеңінен насихаттауды және отандық шахматшылардың әлемдік аренадағы деңгейін арттыруды көздейді. Сондай-ақ қазіргі таңда мектептерде шахматты үйрету «дене шынықтыру» пәнінің үлгілік оқу жоспарына енгізілгенін айта кеткен абзал. Соның нәтижесінде жүздеген мектепте шахмат спорты бойынша факультативтер жұмыс істейді.

Айта кетейік, «Senat Open» турнирі Парламент Сенатының қолдауымен және Қазақстан шахмат федерациясының (KazChess) ұйымдастыруымен алғаш рет өткізіліп отыр. Іріктеу кезеңі 21 сәуірде басталды. Жарыс еліміздің барлық өңірінде, нақты айтқанда, 15 облыста және республикалық маңызы бар үш қалада ұйымдастырылды. Әр өңірден үздік 25 ойыншы солтүстік, оңтүстік, батыс, шығыс және орталық болып аймақтық принцип бойынша құрылған жартылай финалдың бірінде ойнау мүмкіндігіне ие болды. Солардың арасында Астанада өтіп жатқан финалдық кезеңге 120-дан астам шахматшы жолдама алды.

«Senat Open» турнирі мәслихат депутаттарын, қоғам қайраткерлерін және БАҚ өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстырған шахмат марафонына айналды. Сондай-ақ Қазақстан шахмат федерациясы мен жергілікті атқарушы органдар арасында өзара іс-қимылды нығайтуға септігін тигізді. Осындай ынтымақтастық шахматты халық арасында кеңінен дәріптеуді, мектеп бағдарламаларына шахматты енгізуді және зияткер ұлт қалыптастыруды көздейтін жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Бұл біздің ұлттық мүдде жолындағы басым бағыттарымыздың бірі. Биыл алғаш рет өткізілген Сенат кубогы дәстүрлі жарысқа айналады деп сенемін, – деді KazChess президенті Тимур Турлов.

Айта кетейік, финалдық кезеңнің жеңімпаздары бүгін 9 турдан тұратын рапид сайысының қорытындысы бойынша анықталады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға