Жаңалықтар

Астанада самбодан әлем чемпионаты басталды

Астанада самбодан әлем чемпионаты басталды
Фото: Туризм және спорт министрлігі 08.11.2024 21:09 430

Бүгін елордада Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында спорттық және жауынгерлік самбодан ересектер арасындағы әлем чемпионатының шымылдығы түрілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елімізде екінші рет ұйымдастырылып жатқан байрақты бәсекеде әлемнің 85 мемлекетінен келген 700-ге жуық спортшы бақ сынауда. Ал ел намысын 28 спортшы қорғап жатыр.

Жарыстың ашылу салтанатына ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев қатысып, сайысқа түсетін саңлақтарға сәттілік тіледі.

Елордамызда ұйымдастырылып жатқан бұл жолғы әлем біріншілігінің мәні зор. Өйткені жаһандық чемпионат Қазақстанда 19 жылдық үзілістен кейін өткізіліп отыр. Дәл осындай тарихи сәттің қазақ топырағында орын алғаны біз үшін үлкен мәртебе. Бір жағынан әлем чемпионатының Қазақстанда ұйымдастырылуы заңдылық деп ойлаймын. Себебі біздің елде самбоның мықты мектебі қалыптасқан. Осы әлем чемпионаты жастардың самбоға деген қызығушылығын одан әрі арттырады деп сенемін. Спортшылар жанкүйер қауымға тартысты жекпе-жектер сыйлап, тек мықтылар жеңіске жетуіне тілектеспін, – деді Серік Жарасбаев.

Биылғы әлем чемпионатының басты ерекшелігі – әйелдер арасында жауынгерлік самбо мен зағип жандар сайысы бірінші рет енгізіліп жатыр. 10 қарашаға дейін жалғасатын айтулы додада 31 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.

Айта кетейік, самбодан еліміздегі алғашқы әлем чемпионаты 2005 жылы Астанада өтіп, жерлестеріміз 1 алтын, 3 күміс, 6 қола медаль жеңіп алған еді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға