Жаңалықтар

Астанада Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалдық байқау өтеді

Астанада Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалдық байқау өтеді
Фото: © Pixabay.com 29.08.2024 12:10 311

Елімізде 7 қыркүйек күні Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалдық байқауға іріктеу кезеңі басталады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аталған мәдени іс-шара Қазақстанның және КСРО-ның Халық әртісі, Халық қаһарманы, аты аңызға айналған әнші Роза Бағланованың шығармашылығын кеңінен насихаттауға, ұлттық және әлемдік мәдениеттің үздік дәстүрлері мен жетістіктерін жаңғыртуға, сондай-ақ жас вокалистерді қолдауға бағытталып отыр.

Халықаралық вокалдық байқауды Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы өткізеді.

Байқау 3 кезеңнен тұрады:

  1. I кезең (іріктеу) – 7 қыркүйектен 17 қыркүйекке дейін онлайн форматта;
  2. II кезең – 27 қыркүйек офлайн форматта;
  3. Жеңімпаздар мен диплом иелерін марапаттау рәсімі және Гала-концерт 28 қыркүйек күні өтеді.

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының хабарлауынша, конкурсқа қатысуға өтінімдер 1 шілде мен 6 қыркүйек аралығында қабылданады. Оған 18 бен 35 жас аралығындағы эстрада жанрының вокалистері, республикалық және халықаралық байқаулардың, телевокал байқауларының қатысушылары, Қазақстан Республикасы мен алыс және жақын шетелдердің мәдениет және өнер саласындағы жоғары оқу орындарының студенттері қатыса алады.

Байқаудың жүлде қоры:

1) Гран-при – 2 000 000 теңге (жеке табыс салығын есепке алмағанда);

2) І орын – 1 500 000 теңге (жеке табыс салығын есепке алмағанда);

3) ІІ орын – 1 000 000 теңге (жеке табыс салығын есепке алмағанда);

4) ІІІ орын – 500 000 теңге (жеке табыс салығын есепке алмағанда).

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға