Жаңалықтар

Астанада құрылысы ұзаққа созылған 30-дан астам тұрғын үй аяқталады

Астанада құрылысы ұзаққа созылған 30-дан астам тұрғын үй аяқталады
Фото: Астана қаласы әкімдігі 01.07.2023 07:08 1177

Биыл Астанада құрылысы ұзаққа созылған 30-дан астам тұрғын үй аяқталады. Осылайша 4 мыңға жуық үлескер отбасы көптен күткен пәтерлеріне кіре алады. Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек хабарлады, деп жазады El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ұзақ құрылыстарды аяқтау бойынша ауқымды жүйелі жұмыс жүргізілуде. Осыған дейін 150-ден астам көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің ішінде 120-сының құрылысы аяқталған болатын. Биыл 30-дан астам ұзақ құрылысты аяқтаймыз.

Бұл ұзақ құрылыстар күрделі. Әрқайсысының жағдайы әртүрлі. Мысалы «Тұран Сығанақ» ТК 6 жыл бұрын проблемалы деп танылды, бұл үйдің блоктарының бір бөлігі бірнеше қабатқа ғана көтерілген болса, кейбір блоктарында жұмыс тіптен басталмаған да еді. «Арыстан блок 1» ТК құрылысы 11 жыл бұрын басталған, ал «Хазар» ТК құрылысы үш қабат деңгейінде тоқтатылған. Мұндай мысалдар жеткілікті. Бірақ әрбір ұзақ құрылыс бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бар, – деді Астана әкімі Жеңіс Қасымбек.

Қала әкімі сондай-ақ құрылыс компаниялары заңнамада көзделген қатаң критерийлерге сәйкес белгілі бір жағдайларда ғана үлескерлердің қаражатын қабылдай алатынын атап өтті. Нақтырақ айтқанда, тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының кепілдігін алу, екінші деңгейдегі банктің жобасына қатысу, тұрғын үйдің қаңқасын тұрғызғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту.

Сондай-ақ, қала тұрғындарын ақпараттандыру және заңның бұзылуына жол бермеу мақсатында әкімдіктің ресми ресурстарында және БАҚ-та үлескерлердің қаражатын қабылдауға құқығы жоқ құрылыс салушылардың «қара тізімі» жүйелі түрде жарияланады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға