Жаңалықтар

Астанада құрылыс пен өндіріс саласында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Астанада құрылыс пен өндіріс саласында  бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
Фото: El.kz/Артем Чурсинов 15.08.2024 09:30 325

Астана қаласының Еңбек мобильділігі орталығы жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыруға арналған қалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жоғары Политехникалық колледж аумағында өткен іс-шарада 70-тен астам жұмыс беруші құрылыс, өндіріс, сауда, қаржы, көлік және қоймалау сияқты салаларда 1 168-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды.

Жәрмеңкеге 11 мемлекеттік орган, 11 акционерлік қоғам, 42 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 6 жеке кәсіпкер қатысты. Сонымен қатар 3 аурухана және 5 астаналық оқу орны ұсынылған.

Ұсынылған бос орындар арасында бас бухгалтер, SMM-менеджер, тергеуші, география пәнінің оқытушысы, мұнаралы кран машинисі, оңалтушы дәрігер және басқа да мамандықтар бар. Жәрмеңкеде ұсынылған ең жоғары жалақы 500 мың теңгені құрайды, ал орташа жалақы 200 мың теңге.

Жәрмеңке аясында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын түсіндіру бойынша жұмыс берушілермен кездесу ұйымдастырылды. Негізгі тақырыптар мыналарды қамтыды:

Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс берушілердің жалпы міндеттері — Алпамыс Мұңайтпасов, Қалалық орта сапасы мен бақылау басқармасы.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру — Гүлжан Шайхыбекова, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі — Гүлмира Ақбаева, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры.

Әлеуметтік осал топтарды жұмыспен қамту ерекшеліктері. Практикалық кеңестер — Эмин Аскеров, әлеуметтік кәсіпкер.

Сондай-ақ жұмыссыз азаматтармен кездесулер өткізіліп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі мәселелері талқыланды. Бұл тақырыптар Гүлжан Тұрарқызы Шайхыбекова және Гүлмира Самарханқызы Ақбаева тарапынан баяндалды.

Биылғы жылы төрт қалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу жоспарлануда. Жыл басынан бері екі жәрмеңке және 18 шағын жәрмеңке өткізілді, ал келесі үлкен жәрмеңке қыркүйек айына жоспарланған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға