Астана әкімдігінің баспасөз қызметі

Астанада қоқыс төккендерге салынатын айыппұл көлемі 7 млн теңгеге дейін өсті

Елордада рұқсатсыз қоқыс үйінділерін жою және құқық бұзушыларды анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Елорда аудандарының барлығында мониторинг жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде тәртіп бұзушылықтар анықталып, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылуда. Астана әкімдігінің мәліметінше, қазіргі таңда қала бойынша 207 қоқыс үйіндісі жойылып, 270 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Жұмысқа 149-дан астам арнайы техника жұмылдырылған. 

Оның ішінде Байқоңыр ауданында – 53 үйінді жойылып, 25 мың тоннадан астам қоқыс шығарылса, Есіл ауданында 54 үйінді жойылып, 82 мың тоннадан астам қоқыс тазаланған. Ал Сарыарқа ауданында 16 орыннан 19 мың тонна қоқыс төгіліп, Сарайшык ауданында 32 үйінді жойылып, 32 мың тонна қоқыс жиналды. Сондай-ақ, Алматы ауданында 28 үйінді жойылып, 20 мың тонна қоқыс шығарылған. Нұра ауданында 24 нүктеден 99 мың тонна қоқыс тазартылып отыр. 

Стихиялық қоқыс үйінділерімен күрес тек оларды жоюмен шектелмей, бақылауды күшейту және құқық бұзушыларды жауапқа тарту арқылы да жүзеге асырылады. Қалада мобильді топтар мен заң бұзушылықтарды тіркейтін iKomek жүйесі белсенді жұмыс істеп тұр.

Рұқсат етілмеген орындарға қоқыс тастаған жеке тұлғалар мен кәсіпорындарға 100-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін (393 200 теңгеден 3 млн 932 мың 200 теңгеге дейін) айыппұл салынады.

Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайтадан құқық бұзушылық жасаған жағдайда 200-ден 2000 АЕК-ке дейін (786 400 теңгеден 7 млн теңгеден астамға дейін) айыппұл қарастырылған. 2025 жылдың жеті айында Полиция департаменті әкімшілік жауапкершілікке тартып, қоғамдық орындарды ластағаны үшін 11 250 құқық бұзушыға 380 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Ал қаланы абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 19 570 адамға 34 млн теңге айыппұл салынған.