Жаңалықтар

Астанада «Қазақстан Барысы» турнирі өтеді

Астанада «Қазақстан Барысы» турнирі өтеді
Фото: «Қазақстан Барысы» турнирінің баспасөз қызметі 22.10.2024 00:25 674

26 қазанда Астанада қазақ күресінен XIII республикалық «Қазақстан Барысы» турнирі өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл турнирде облыстық жарыстардың қорытындысы бойынша іріктелген еліміздің ең мықты балуандары бақ сынайтын болады. Олар: еліміздің 17 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қала — Астана, Алматы және Шымкент қалаларының спортшылары. Сондай-ақ турнирге өткен жылғы «Қазақстан Барысы» жеңімпазы мен «Әскер Барысы» екі балуаны қатысады. Турнирдің нәтижесі бойынша ең мықты балуан анықталып, ол 15 миллион теңге көліміндегі бас жүлдені алады.

25 қазанда сағат 16:00-де «Барыс Арена» аумағында балуандардың салмақ өлшеу рәсімі өтеді.

Аталған турнирде Қазақстанның барлық өңірінен келген 43 балуан «Қазақстан Барысы – 2024» алтын белдігі үшін күреседі. Турнирдің жалпы жүлде қоры 27 100 000 теңгені құрайды, оның ішінде 3 720 000 теңге спортшылардың жаттықтырушыларына беріледі.

Жүлделер былай бөлінеді: 1-орын үшін — 15 000 000 теңге, 2-орын үшін — 3 300 000 теңге, 3-орын үшін — 1 080 000 теңге. Әр жеңіске жеткен белдесуі үшін балуан 100 000 теңге алады.

Марапаттау рәсімінен кейін турнир жеңімпазымен баспасөз конференциясы өтеді.

Барша спорт сүйер қауым үшін кіру – ТЕГІН болады. Сонымен қатар көрермендер үшін ұлттық стильде безендірілген ойын-сауық аймағы ұйымдастырылады, онда асық ату, арқан тарту, тоғызқұмалақ және басқа да ұлттық ойындарын ойнауға болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға