Жаңалықтар

Астанада қар тазалау жұмыстары қалай жүріп жатыр

Астанада қар тазалау жұмыстары қалай жүріп жатыр
Фото: Астана қаласы әкімдігі 02.02.2024 17:10 1076

Арқада алты ай аяз болса да, Астананың қысы бәрібір әдемі ғой. Бірақ табиғаты тамсандырғанымен қардың жаууы қала тұрғындарын едәуір әбігерге салып қоятыны тағы рас. Әлбетте аулалар омбы қарға толып, көшелер көктайғаққа айналмас үшін коммуналдық қызметтер де 24/7 режимінде жұмыс істеп жатады. Осы орайда қолымызға күрек алмасақ та, “Елордамыз қардан қалай тазаланып жатыр?” деген сұрақты алға тартып, Астана көшелерін біз де аралап көрген едік.

Тынымсыз жұмыстардың бірі, негізі, осы қар тазалаушылардыкі. Күні-түні дамыл жоқ. Қаланы қардан тазарту жұмысына орта есеппен күн сайын 2,5 мыңнан астам жол жұмысшы мен 1,5 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылады екен. Ал бір ауданға ше?

Мысалы біздің ауданда бүгін қар тазалау жұмыстарына 623 жол жұмысшысы және 285 арнайы техника жұмылдырылды. Жалпы қар тазалаудың да өзіндік тәртібі болады. Мәселен, ауданның барлық аумағындағы қар бір уақытта бірдей жиналады. Бекітілген алгоритм бойынша, қар жауғанда алдымен әлеуметтік нысандарға апарар жол, жаяу жүргіншілер жолдары, тұрғын үйлерге кіріп-шығу жолдары, аялдамалар маңы, басты көшелер тазаланады. Қарды жинап алған соң келесі кезекте автомобиль жолдарына, жаяу жүргіншілер тротуарларына құм-тұз қоспасы себіледі. Бұл мұздың еруіне септігін тигізіп, тұрғындардың қозғалысын жеңілдетеді. Одан кейін еріп, қайта қата бастаған мұз қалдықтарын тазалаймыз. Сондай-ақ, тұрғындар әлеуметтік желілер мен Ikomek жедел қызметіне қар тазалау туралы өз өтініштерін қалдыра алады. Мұндай кезде дереу назар аударылып, қосымша тазалау жұмыстары жүргізіледі, - дейді “Сарыарқа” ауданы әкімінің орынбасары Ержан Жұмағұлов.

Сұхбат барысында қыс басталғалы бір ғана Сарыарқа ауданынан 700 мың текше метрден астам қар шығарылғанын білдік. Оның барлығы арнайы полигонға жөнелтіледі. Бір қызығы, елордамыз бес ауданға бөлінсе, солардың әрқайсысының қар төгетін өз полигоны бар екен. Сондай-ақ, аудан бойынша жиырмадан астам мердігерлік ұйым жұмыс істейді.

Нақты айтқанда, 22 ұйым және әрқайсысының өз тазалау аймағы болады. Екі режимде жұмыс істейміз. Күндізгі ауысым таңғы 6-да басталып, 16:00-ге дейін, әрі қарай түнгі ауысым таңғы 4-ке дейін қар тазалайды. Қар тазалағанда алдымен басты көшелерде 7 техникадан тұратын жолтазалағыш машиналар колонасы өтеді. Сосын жол жиегіне ысырылған қарды тиегіш техника арқылы артып, полигонға тасимыз. Ал жаяу жүргіншілер жолын тазалауға арнайы шағын тракторлар жұмылдырылған. Сондай-ақ, техника кіре алмайтын жерлерді жұмысшылар күрекпен тазалайды. Тұрғын үй аулаларына келетін болсақ, әр мекенжайды тазалайтын жұмыс кестесі аулаларда ілінген. Кестеге сәйкес толық қардан тазарту жұмыстарын жүргіземіз. Дегенмен, қалың қар түскенде алдымен аулаларға кіру-шығу жолдарының болуын қамтамасыз етуге тырысамыз, да жалпы тазалау жұмыстарына көшеміз, - дейді “Абат Сервис” мердігерлік компаниясының менеджері Дәулет Сәдуақасов.

Түсінген жанға расымен оңай емес. Қар тазалау - қадірлі де “қадірсіз” қызмет. Аяғы тайғанақтаса да, көлігі сәл ойнақтаса да, коммуналдық қызметтегі осы жандарды іштей сабап алатын адамдар да бар. Бәрі емес.

Ауламызды жиі тазалайды. Өзім Күләш Байсеитова, 8 мекенжайы бойынша тұрамын. Кейде түнде келіп тазалап кететін кездер де болады. Кішкене ыңғайсыздықтар туындағанмен таңертең тап-таза болып тұрады. Жұмысқа барар жолда да коммуналдық қызметкерлердің тынымсыз жұмысын байқаймын. Негізі біздің ауданда әрқашан таза. Жол тазалайтын кісілерге күш-қуат тілеймін, - деп қала тұрғыны Нағима Сатенова өз пікірін білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға