Жаңалықтар

Астанада қаланың дизайн кодына сәйкес келмейтін маңдайшалар алынды

Астанада қаланың дизайн кодына сәйкес келмейтін маңдайшалар алынды
Фото: Астана қалалық әкімдігі 14.08.2024 15:44 609

Астана қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен «Астана-Жарнама» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қаладағы «Инфинити-1» тұрғын үй кешенінде ілінген және дизайн кодына сай келмейтін маңдайша мен жарнамаларды алып тастау жұмысын жүргізіп жатыр, деп хабарлады El.kz ақпарат агенттігі.

Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Ономастика және әдістемелік жұмыстар бөлімінің бас маманы Айгүл Иманғалидің сөзінше, былтыр қалада заң талаптарына және дизайн кодқа сәйкес келмейтін 9 мыңға жуық маңдайша мен сыртқы жарнама алынып тасталды.

Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы 2023 жылдан бастап «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» жобасының аясында қаладағы сыртқы жарнама мен көрнекі ақпараттарды заңдастыру және тілдік норма талаптарына сәйкестендіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Елордада 1 қаңтардан 1 мамырға дейінгі аралықта заң талаптарына қайшы, дизайн кодқа сәйкес келмейтін 1504 маңдайша мен 1021 сыртқы жарнама алынып тасталды. Былтыр олардың саны 8857 мың болған. Бұл жұмыс әріқарай жалғасатын болады,- деді басқарма өкілі.

Аталған басқарманың сәулеттік келбетті тексеру бөлімінің басшысы Ғани Исаев бүгінде елордалық кәсіпкерлермен жарнама мен маңдайшаларды талапқа сай орнату бойынша тығыз жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Астана-Жарнама» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызмет бағыттарының бірі -елорданың біртұтас сәулеттік және көркемдік келбетін қалыптастыру және жүзеге асыру. Мекемеге жүктелген міндеттер аясында елордалық кәсіпкерлер мен тұрғындар арасында ғимараттардың қасбетіндегі жарнамалар мен маңдайшаларды орналастыруға қатысты заңнама талаптарын түсіндіру жұмысы тұрақты жүргізіліп жатыр. Мекеме елордалық кәсіпкерлермен тығыз жұмыс істейді. Астана қаласының кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, қаланың біртұтас сәулеттік келбетін қалыптастыру және жүзеге асырудың жол картасы әзірленді. Біз кәсіпкерлерді жарнама мен маңдайшаларды орнатқан кезде басты талаптарды орындауға шақырамыз,- деді Ғани Исаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға