Астанада пиротехникалық заттардың сатылуын бақылау бойынша рейд жүріп жатыр
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Астанада пиротехникалық заттардың сатылуын бақылау мақсатында рейд жүріп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, пиротехникалық өнімдер сатылатын сауда орындарын тексеру 23 желтоқсан күні басталып, 3 қаңтарға дейін жалғасады. Рейдтерді Астана қаласының Полиция департаменті мен Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері бірлесіп өткізіп жатыр.
Тағы бір алдын алу шарасы Байқоңыр ауданында жүргізілді. Ведомство өкілдері пиротехникалық заттар сататын базарларды, дүкендерді, сауда орындарын тексерді.
Жаңа жыл қарсаңында елорда тұрғындары отшашуды белсенді түрде сатып алып жатыр. Осыған орай, аудандағы тұрғындар көп жүретін орындарда пиротехникалық заттардың заңсыз айналымының жолын кесу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сату ережелерінің сақталуын қадағалау мақсатында рейдтер жүргізілді. Сондай-ақ, пиротехникалық заттарды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау маңыздылығын еске саламыз. Отшашуды іске қосқан кезде тұрғын үйлерден және электр сымдарынан кемінде 50 метр алысқа шығыңыз. Сатып алу алдында сатушыдан сертификат сұрап, сақтау мерзімін тексеріңіз. Көптеген адам пайдалану нұсқауларын елемейді. Алайда бұл өте қауіпті. Пиротехниканы дұрыс қолдануды міндетті түрде үйреніңіз. Балкондар мен терезелерден отшашуларды атпаңыз – бұл өртке әкелуі мүмкін, - деді Байқоңыр ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Аян Қантек.
Рейд барысында ауданда пиротехникалық заттарды заңсыз сату фактілері анықталған жоқ.
Ұйымдастырушылар жаңа жыл қарсаңында пиротехникалық заттарды дұрыс пайдаланбауға байланысты оқиғалардың саны айтарлықтай артқанын ескертеді. Сондықтан елорда тұрғындары сақ болып, қауіпсіздік ережелерін сақтауы керек.