Жаңалықтар

Астанада Париж олимпиадасына дайындық бойынша кеңейтілген отырыс өтті

Астанада Париж олимпиадасына дайындық бойынша кеңейтілген отырыс өтті
Фото: Туризм және спорт министрлігі 29.11.2023 21:25 971

Елордада туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен дене шынықтыру және спорт саласындағы проблемалық мәселелер және ел спортшыларының Парижде өтетін XXXIII жазғы Олимпиадаға дайындық бойынша кеңейтілген алқалы отырыс өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министрлік мәліметінше, басқосуға өңірлік дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшылары, Ұлттық олимпиада комитетінің, республикалық федерация өкілдері, ұлттық құрама командалардың бас жаттықтырушылары, олимпиадалық спорт түрлері бойынша Мемлекеттік жаттықтырушылары және ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары қатысты.

Жиын барысында қатысушылар күн тәртібінде тұрған бес мәселе төңірегінде өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты. Атап айтқанда, отырысқа қатысушылар спорт түрлері бойынша ұлттық құрама команда спортшыларының лицензиялық жарыстарға және 2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпиадаға дайындық барысын, Қазақстанда спорттық медицинаны дамытудың өзекті мәселелерін, Спорттағы допингке қарсы бағдарлама, Спорт резервін және жоғары дәрежелі спортшыларды даярлау жүйесін және саланы дамытудың негізгі міндеттерін айқындауды талқылады.

Сонымен қатар өңірлік дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшылары мен ұлттық құрама командалардың бас жаттықтырушылары атқарып жатқан істері туралы баяндама жасап, алдағы жоспарларын ортаға салды.

Ведомство басшысы ұлттық құрама нәтижелері төмендеп кетуінің басты себебі ретінде – бәсекелестік пен ұрпақтар сабақтастығының болмауы екенін атап өтті. Сондай-ақ өңірде жас спортшыларды даярлау бойынша мәселелер бар екенін жеткізді. Ұлттық құрамаға спортшылар жеткізіп беру жағынан ең төмен үлес Солтүстік Қазақстан (23,9%, спорттың 11 түрі бойынша 95 спортшы), Атырау (26,1%, спорттың 12 түрі бойынша 59 адам) және Ақтөбе облыстарына (28,3%, спорттың 13 түрі бойынша 73 адам) тиесілі.

Сондай-ақ Ермек Маржықпаев сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мәселелері әрқашан басты назарда болатынын және білікті кадрлардың болуы жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізудің негізгі факторы екенін айтты.

Қазіргі таңда елімізде 180 спорт түрі бар. Оның тек 59-ы ғана халықаралық олимпиада комитеті тарапынан мойындалған. Оның ішінде 46-сы жазғы олимпиада, 13-ші қысқы Олимпиада, 67-і Олимпиадалық емес, 11-і ұлттық, 17-сі Сурдлимпиада, 18-і Паралимпиада, 8-і Паралимпиадалық емес.

Негізгі орта мерзімді міндеттеріміздің бірі – спорт түрлеріне басымдық беру. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан құрамасының спортшылары жазғы олимпиадалық 46 спорттың тек 13 түрінен ғана Олимпиада жүлдесіне қол жеткізді. Әлем чемпионаттарында да жағдай осындай. Тұрақты нәтижелерді тек санулы спорт түрлері ғана көрсетіп жүр. Осыған байланысты министрлік мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын спорт түрлерін тек тірек және медаль қажет ететін спорт түрлеріне басымдық бере отырып, кезең-кезеңімен қысқартады, – деп атап өтті Ермек Маржықпаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға