Астанада өткен Димаштың концертіне 80 елден жанкүйер келді
Астанада Димаш Құдайбергеннің “STRANGER “ атты жеке концерті өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Екі күн қатарынан өткен концертке 30 мыңнан астам көрермен келді. Бұл шара әлемнің 80 елінен келген 10 мыңнан астам шетелдік қонақтардың назарын аударды. Жанкүйерлердің дені АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Италия, Франция, Испания, Польша, Беларусь, Ирландия, Финляндия, Өзбекстан, Германия және тағы басқа елдерден келді. Концерттің екі күнінде де “Астана арена” стадионы Димаштың жанкүйерлерімен толып, аншлагпен өтті.
“STRANGER “ атты жеке концертін Димаш еліміздің Әнұранымен бастады. Барша көрермен орындарынан тік тұрып, мемлекеттік гимнді шырқады.
Концертті ұйымдастыру жұмыстарына 200-ден астам кәсіби мамандардан құралған топ атсалысқан. Сахнада Димашпен бірге Қазақстан, Қытай, Ресей, Украина, Камерун, Гана, Уганда, Мексика, Испания және Кения елдерінің бишілерімен қосқанда, оркестр мүшелері, әншілері бар 350-ден астам халықаралық топ өнер көрсетті. Бұл үлкен концерт әлемнің түкпір-түкпірінен келген өнерпаздардың басын қосып, музыка мен мәдениеттің биігіне көтерілетін ерекшелігімен есте қалды.
Концерт барысында Димаш өз шығармашылығының барлық жанкүйерлері сүйіп тыңдайтын туындыларды орындап қана қоймай, жеті тілде ән шырқап, әлемнің түкпір-түкпірінен келген жанкүйерлері үшін нағыз тосын сый болатын бірнеше музыкалық премьералар ұсынды.
Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналып жатқан Димаштың көптеген жанкүйерлері сүйікті әртістерінің туған жерінің мәдениеті мен табиғатымен танысу үшін концерттерден бір апта бұрын Қазақстанға алдын ала келген. Жанкүйерлер қазірдің өзінде әлеуметтік желілерде өздерінің әсерлерімен бөлісіп, Қазақстанның көрікті жерлеріне саяхаттары туралы айтып жатыр.
Жанкүйерлердің басым бөлігі Димаштың екі күн қатарынан өткен екі концертіне де билет алған. Солардың бірі Орал қаласының тумасы Орынша Қуанқызы Испаниядан келген Димаштың фан базасын күтіп алғанын айтты.
Бүгін Димаштың он бесінші концертіне қатысып отырмын. Шет елде болған барлық концертіне қатыстым, тек АҚШ-тағы концертіне денсаулық жағдайыма байланысты бара алмадым. Испаниядан келген 80 адамнан құралған Димаштың фан клубын күтіп алдым. Олармен бірге Димаштың атынан үлкен қайырымдылық қор өткіздік. Бүгінде жасым 70-ке келді, 42 жыл медицина саласында жұмыс істедім. Зейнетке шыққаннан кейін Димаштың әлемдегі барлық жанкүйерімен ете араласып кеттік, - деді Орынша Қуанқызы.
Жанкүйерлердің көбісі Димаштың суреті бар жейде, күрте мен плакаттарын алып келген.
Димаштың тағы бір жанкүйері Мария Садықова да өз әсерімен бөлісті. Ол 12 жылдан астам уақыт бойы Димаштың өнер жолын бақылап, әндерін сүйіп тыңдайтынын айтты. Жасы жетпісті алқымдаса да, Димаштың әндері барлық аудиторияға арналған ерекше дауыс иесі екенін жеткізді.
Димаштың 10-нан астам концертіне қатыстым. Бүгінде шетелдік жанкүйерлермен бірге сағынышпен қауышып жатырмыз. Екі күн қатарынан өткен концертке де қатыстық. Әрине, бұл біз үшін аз. Алда тағы да көп концерттерін күтеміз,- дейді ол.
Мария Садықова шетелден келген Димаштың жанкүйерлерін Бурабайға апарып, экскурсия жасағанын айтады. Сөзінше, шетелдіктер Қазақстанның табиғатына үлкен таңданыспен қараған.
Димаштың концертіне келген жанкүйерлер Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойынын да тамашалаған. Олар түркі халықтарының мәдениетіне қатысты көп мәлімет білгенін жеткізді.
Солардың бірі Бени Мартинез Испаниядан Қазақстанға екі апта бұрын келіп, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына да қатысып, байрақты доданы үлкен қызығушылықпен тамашалағанын айтады.
Осымен Астанаға екінші рет келіп отырмын. Бұл елді қатты жақсы көремін. Димаштың өнеріне де құрметім зор, - деді испандық Бени Мартинез.
Айта кетейік, Димаш Құдайберген V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ашылу салтанатында өнер көрсетті. Ал Димаштың бүгінгі концерті көшпенділер ойынының қорытындысы болды.