Жаңалықтар

Астанада оқушыны мектепке дайындау қалтадан қаға ма?

Астанада оқушыны мектепке дайындау қалтадан қаға ма?
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 27.08.2024 17:31 1250

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Тамыз айы басталысымен ата-аналар дүкен аралап, балаларын мектепке дайындап әлек. Осы ретте El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі базарға барып, астаналық балалардың мектепке арналған киім-кешектері мен құрал-саймандарының бағасын біліп қайтты.

Астанада 1-31 тамыз аралығында мектеп жәрмеңкелері ашылып, балаларының мектеп формасын жаңартудың қамын ойлаған ата-аналардың қарасы көбейді. Бұған дейін Астана қаласының білім басқармасы мектеп жәрмеңкелері орналасқан аумақтарды белгілеп, уақытын нақтылап кеткен болатын.

Шыны керек, бүгінде әр отбасының баланы мектепке дайындауға жұмсалатын қаражат мөлшері әртүрлі болады. Ол қалтаның қалындығына, киімнің сапасына және отбасындағы оқушы балалардың санына байланысты. Біз қажетті кеңсе тауарлары мен мектеп формасының тізімін жасақтай отырып, мектеп жәрмеңкелеріндегі бағаларға тоқталып өттік.

Тізіміді әр мектептің жеке сұраныстары мен қажеттіліктеріне қарай толықтырып отыруға болады.

Астанада оқушыны мектепке дайындау қалтадан қаға ма?

Фото: Арман МҰХАТОВ

Мектеп жәрмеңкесіндегі кеңсе тауарларының бағасы

12 беттік дәптер – 25 теңге. Егер басқа кеңсе тауарларын қосып алатын болсаңыз, жәрмеңке сатушылары 10 теңгеге дейін түсіріп береміз деп сендірді.

Қалың дәптер бағасы 150 теңгеден басталады. Дәптердің қалыңдығына қарай баға саны әртүрі.

Астанада оқушыны мектепке дайындау қалтадан қаға ма?

Фото: Арман МҰХАТОВ

Астанада оқушыны мектепке дайындау қалтадан қаға ма?

Фото: Арман МҰХАТОВ

Астанада оқушыны мектепке дайындау қалтадан қаға ма?

Фото: Арман МҰХАТОВ

Сурет салуға арналған альбом бағасы 500 теңгеден жоғары.  Стик-желімдердің кішкентайлары 250-350 теңге, ал үлкендері 500 теңгеден тұрады. Қаламдардың да бағасы сапасына қарай сан алуан: 50, 80, 100, 150 теңгеге дейін жетеді. Қарындаш – 50 теңге. Өшіріп, қайта жазуға болатын қаламдар қорабы – 1800 теңге. Фломастерлердің бағасы – 350-500 теңге аралығында. Рюкзактардың ең арзаны 3000 теңгеден басталады, ең қымбаты – 12000 теңге.

Ермексаз, 6 түсті – 300 теңге, акварель бағасы – 899 теңге, өшіргіштер бағасы 42 теңгеден басталады. Ұштағыштар - 180 теңге, түрлі-түсті қағаз бағасы - 159 теңге.  

Мектеп формасы мен аяқ-киім бағасы қандай?

 Жәрмеңке сатушысы «биыл былтырға қарағанда киім бағасы арзан» деп отыр.

Биыл бағалар 10 пайызға, тіпті 15 пайызға арзан десем артық айтпаймын. 1 қыркүйектен бастап жәрменкедегі киім-кешектер мен аяқ-киімдерді 50 пайыз жеңілдікпен сатамыз. Үнемі сатып алушылардың жағдайын түсініп, жақсы жеңілдіктер жасаудан қашпаймыз. Кей кездері сатып алынған киімге өз атымнан тағы біреуін қосып беретінім де бар,-деп түсіндірді Гүлнар Қалманбетова.

Мектеп жәрмеңкесіндегі киім-кешек бағасына тоқталсақ: ақ көйлек 4000-5000 теңге, белдемшенің де бағасы 4000-5000 теңге көлемінде, ал шалбарлар 5000-6000 теңгеге дейінгі бағаны құрайды. Көк түсті қалың жемпірлерді де 5000 теңгеге сатып алуға болады.

Астанада оқушыны мектепке дайындау қалтадан қаға ма?

Фото: Арман МҰХАТОВ

Айжан Бибосынова есімді елорда тұрғыны «4 сыныпта оқитын қызым жаңа оқу жылына дайын» деп отыр. «Былтыр баламды мектепке дайындау барысында 100 мың теңгеге қажетті заттарын алып берген едім. Биыл да сол сома кетті. Бір балам ғана мектеп жасында, сол себепті қиындығы аса қатты байқала қоймайды. Екі, одан да көп баланың керек-жарағын алу үшін біраз шашылу қажет болары сөзсіз», - деді ол.

Вероника Халықпаева – көпбалалы ана. Жыл сайын үш баласын мектепке дайындайды. Биыл мектеп формасын алдын ала сатып алып, ертерек қамданыпты. Десе де кеңсе тауарларын әлі толық алмаған көрінеді. Әр жердегі бағаларды салыстырып,"ең тиімдісін аламын" деген ойда.

Кей жерлерде бағалар удай қымбат. Үш баламды былтыр 100 мың теңгенің көлемінде киіндірдім. Кеңсе тауарлары мен спорттық киімі әлі сатып алынбады. Барлығының бағасын біріктірсек, 150 мыңнан асып кететіні хақ. Өз басым балаларымның мектеп киімдерін жыл сайын жаңартып отырамын. Себебі жаңасын алмауға болмайды. Бір шалбар жарты жылға ғана шыдас береді. Орындықта 4-5 сағат бойы тапжылмай отырған соң, жыртылып, сырлып қалып жатады. Киімдердің сапасына да байланысты болар. Дегенмен қымбатын алуды қалтаң көтермеуі мүмкін. Арзандауын алған соң тоқсан сайын ауыстырып тұру қажет. 5-6 мыңның шалбары тез түтіктеніп жатады. Бойлары да тез өсіп, шалбардың балағы мен жейделерінің білектері дәл болмай, жаңасын алуға тура келеді. Бүгін жәрмеңкедегі, базардағы бағаларды салыстырып, бағамдап жүрмін. Алдыңғы жылғы киімдерді де кие береміз,-деді Вероника Халықпаева.

Астанада оқушыны мектепке дайындау қалтадан қаға ма?

Фото: Арман МҰХАТОВ

8-сыныпқа баратын қызын мектепке дайындап жатқан Гүлназ Жүсіпова да «100 мыңнан астам ақшаны киім дүкенінде қалдырдым» дейді. Ол сауда орталығынан 17 мыңға ақ көйлек, 21 мыңға шалбар және 32 мыңға спорттық аяқ-киім алғанын алға тартты.

Келесі жылы бағалардың қандай боларын кім білсін? Уақыт еншісіне қалдырдым,-деді ол.

Мектеп жәрмеңкелерінің өтетін орны:

«Аймақтау» СҮ  1 тамыздан 5 қыркүйек, 9:00-ден 20:00-ге дейін;

«Тұлпар» СҮ   1 тамыздан 5 қыркүйек, 10:00-ден 21:00-ге дейін;

«Magnum» супермаркеті (Тұран даңғылы, 55 үй) 3 тамыздан 1 қыркүйек, тәулік бойы жұмыс істейді;

«Анвар» супермаркет (Тұран даңғылы, 45) 3 тамыздан 1 қыркүйек, , 9:00-ден 22:00-ге дейін;

«Тұмар» СҮ (Сығанақ к, 1Б) 1 тамыздан 15 қыркүйек, 10:00-ден 22:00-ге дейін;

«Сарыарқа» ОСО (Тұран даңғылы, 24) – 15 тамыздан 1 қыркүйек, 10:00-ден 22:00-ге дейін;

«Рахмет» СҮ 5 тамыздан 31 тамызға дейін, жұмыс уақыты 10:00-20:00;

«Джафар» СҮ 5 тамыздан 31 тамызға дейін, жұмыс уақыты 10:00-20:00;

«Көктал» ОСО 5 тамыздан 31 тамызға дейін, жұмыс уақыты 10:00-20:00;

«Әсем» СҮ 5 тамыздан 31 тамызға дейін, жұмыс уақыты 10:00-20:00;

«Astana Mall» ОСО 3, 4, 10, 11, 17, 18, 24, 25, 31 тамыз , жұмыс уақыты 10:00-17:00.

«Аружан» ОСО 3, 4, 10, 11, 17, 18, 24, 25, 31 тамыз, жұмыс уақыты 10:00-17:00.

Сондай-ақ, Астанада 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін «Мектепке жол» акциясы бастауын алды. Мақсаты – жетімдер, күнкөрісі төмен отбасынан шыққан балаларға және көпбалалылар отбасына жәрдем беру.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға