Астана қаласы әкімдігінің “Әдістемелік орталығы” МКҚК

Астанада оқушыларға арналған кәсіби бағдар беретін қалалық слет өтті

19.05.2025 14:05

Астанада Сервис және туризм колледжінде республикалық «100 бейінді сыныптар» жобасы аясында профильді сыныптарда оқитын оқушылардың қалалық слеті өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараның негізгі мақсаты – мектеп оқушыларының кәсіби бағдарлануына көмектесу, жұмысшы мамандықтарына қызығушылықты арттыру, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім берудің беделін көтеру.

Слетте әр түрлі бағыттар бойынша оқу кейстері, шеберлік сабақтар, интерактивті іскерлік ойындар және психологиялық-педагогикалық тренингтер ұйымдастырылды. Оқушыларға автомобиль және теміржол көлігін техникалық қызмет көрсету, тігін өндірісі, дизайн, флористика, тамақтануды ұйымдастыру, медицина, педагогика, ақпараттық технологиялар және басқа да салаларда білім алу мүмкіндігі ұсынылды.

Іс-шараға 400-ден астам мектеп оқушылары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері, педагогтер мен кәсіпорын жетекшілері қатысты. Оқушылар WorldSkills халықаралық чемпионаты мен республикалық «TOP-100» байқауының жеңімпаздарымен, сондай-ақ кәсіпорындардың жетекші мамандарымен диалог алаңдарында кездесіп, өздері үшін пайдалы тәжірибе жинады.

Жоба «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында іске асырылуда және мектеп түлектерін техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына тартуды мақсат етеді.