Астана қаласы әкімдігі

Астанада өндірістік кәсіпорындарда туристерге экскурсиялар өткізілмек

Елорда туризмінің әлеуетін дамыту және өндірістік туризмді танымал ету мақсатында «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы қаладағы өндірістік кәсіпорындарда экскурсиялар ұйымдастыру жобасын қолға алды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жоба аясында өндірістік кәсіпорындар қала қонақтарына – туристерге, инвесторларға және өзге де мүдделі тұлғаларға арналған арнайы экскурсиялық бағдарламалар әзірлейді. Жобаның негізгі міндеттерінің бірі – Астананың өнеркәсіптік секторының қалыптасу тарихымен және қазіргі дамуымен таныстыру, сондай-ақ оның инновациялық және технологиялық әлеуетін көрсету.

Осы мақсатта шаһардағы алты кәсіпорны өндірістік экскурсияларды ұйымдастыру бойынша оқыту семинарынан өткен. Кәсіпорындар экскурсияларды ұйымдастыру әдістемелерімен, өндірістік нысандарда туристерді қабылдау стандарттарымен және үздік халықаралық тәжірибелермен танысқан. Сонымен қатар жоба аясында қаладағы туристік қауымдастық өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді.

Талқылаудың негізгі тақырыбы – өндірістік экскурсияларды қамтитын кешенді туристік пакеттерді қалыптастыру болды. Бұндай ынтымақтастық бизнес пен туроператорлардың күшін біріктіріп, бәсекеге қабілетті туристік өнімдер жасауға мүмкіндік береді,-деп атап өтті қала әкімдігінен.