Астанада «Ән базары – Қараөткел» тарихи-музыкалық кеші өтті
Елорда филармониясы қала тұрғындары мен қонақтары үшін «Ән базары – Қараөткел» тарихи-музыкалық кешін ұсынды, деп хабарлайды El.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Е.Рахмадиев атындағы Астана қаласының мемлекеттік академиялық филармониясы өзінің маусымашар концертін «Ән базары – Қараөткел» деп атады. Бүгін сонау Қараөткел заманындағы әншілердің шығармалары орындалды. Атап айтсақ, Иманжүсіп, Қосымжан, кешегі Қапаштар, осы кісілердің әндері бүгін сахнада шырқалды», - деп атап өтті Филармонияның «Халық әні» бөлімінің көркемдік жетекшісі Телман Нұркенов.
Қараөткел – аты аңыз мекен. Бұл сауда орталығы елорда филармониясының заманауи ғимаратының орнында орналасқан болатын. Ауқымды жәрмеңке елдің түкпір-түкпірінен келген саудагерлер алаңы бола тұрып, өнер сахнасына айналған. Мұнда қалың жұртшылық белгілі әншілерді тыңдауға жиналатын: Иманжүсіп, Ғазиз, Сәтмағамбет, Қарақас, Қапаш, Исабай, Қосымжан сонымен қатар, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ сынды өнерпаздар әйгілі туындыларын орындаған.
1 қазан күні көрермендеріміз үшін бұл жәрмеңке қайта жаңғырды, баға жетпес ұлттық мұраның інжу-маржан шығармаларын замандас өнерпаздарымыз тыңдармандарға паш етті. Концертке «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі, «Шалқыма» халық би ансамблі және филармония солистері: Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлмира Сарина, Айгүл Қосанова, Мәдениет қайраткері Секен Сыздықов, Мәдениет үздігі Нұрай Танабаев, Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Ұлағат Шалғынбекұлы, Бауыржан Нұрмұханов, Қуатова Жанель, Жақсыгелді Маясаров, Арафат Ысқақов, Тельман Нұркенов, Өзгеріс Шерікбай, Нұржан Мейірхан, Елбол Қуанбек, Айнұр Қонысбаева өнер көрсетті.