Жаңалықтар

Астанада мектеп бітіруші түлектерге темір жолдағы жұмыстың ерекшеліктері түсіндірілді

Астанада мектеп бітіруші түлектерге темір жолдағы жұмыстың ерекшеліктері түсіндірілді
Фото: t.me/railways_kz 18.05.2024 10:00 775

Елордалық мектеп бітіруші түлектерге темір жолдағы жұмыстың ерекшеліктері түсіндірілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Астана қаласындағы жоғары көлік және коммуникация колледжінде 9-11 сынып бітіруші түлектерге арналған «Мамандықтар фестивалі» ашық есік күні өтті. Іс-шараның басты мақсаты – болашақ үміткерлерге мамандықтар таңдауда көмектесу. Кездесуді аталған колледж пен «ҚТЖ» ҰК АҚ –ның «Теміржол көлігі персоналын дамыту және бағалау орталығы» филиалы ұйымдастырды.

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС өкілдері, магистральдық желілер дирекциясы, ҚТЖ адами ресурстарды басқару департаменті персоналды іздеу және іріктеу блогы салаға қажетті мамандықтар, оқудан кейін бірден жұмысқа орналасу ерекшеліктері, мансаптық өсу мүмкіндіктері және кепілдік берілетін әлеуметтік пакеттер жөнінде айтып берді.

Теміржол мамандығының негізгі артықшылығы – қажеттілік. Темір жол қарқынды дамуда және жыл сайын артып келе жатқан жүк және жолаушылар ағынына қызмет көрсету үшін білікті мамандар қажет. Теміржолдағы жұмыс – бұл қашан да тұрақтылық, - деді аталған колледж түлегі, елордалық станция  басшысы Надырхан Қайсаров.

Теміржолда еңбек еткен 10 жыл ішінде ол белгі берушіден басшыға дейінгі қызметтерге көтерілді.

Өз кезегінде колледж өкілдері оқуға қабылдау ережелері, грант алу перспективалары, жатақханадан орын алу ретін түсіндірді.

Болашақ студенттер үшін оқу орнының аудиториялары мен музейіне экскурсия ұйымдастырылды. Оқушылар өздерін жетілдіру бағытында пайдалы ақпараттар алды. Астана қаласы жоғары көлік және коммуникация колледжі – теміржол саласы үшін кадрлар ұстаханасы десе болады. Колледж түлектері теміржолдың түрлі салаларында табысты еңбек етуде,-делінген ҚТЖ мәліметінде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға