Жаңалықтар

Астанада көшпенділер мұрасына арналған көрме ашылды

Астанада көшпенділер мұрасына арналған көрме ашылды
Фото: Туризм жəне спорт министрлігі 23.08.2024 21:15 392
Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында «Көшпенділер рухы: шексіз көкжиектер» атты фотосуреттер мен арт-жұмыстардың көрмесі салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Көрменің ашылу рәсіміне «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ» Басқарма төрағасы Қайрат Садвақасов, Ұлыбритания елшісі Кэти Лич, Қатар елшісі Абдулла Хусейн Джабер, Үндістан елшісі Нагендра Прасад, Канада дипломатиялық миссия басшысының орынбасары Дэвид МакКиннон, Оман дипломатиялық миссия басшысының орынбасары Талал Әл Якуби, Қырғызстан елшілігінің үшінші хатшысы Эрнис Абдирашитов, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен туристік сала мамандары қатысты.

«Көшпенділер рухы: шексіз көкжиектер» көрмесі көшпенділер мәдениетінің әлеміне терең үңілуге мүмкіндік береді. Келушілер Қазақстанның танымал фотографтары Анзор Гасаев пен Александр Кузнецов, ұлыбританиялық шебер Коннор МакНил (TheFella), мажарстандық режиссер Карачонь Шандордың ерекше туындыларын тамашалай алады. Бұл суретшілер көшпенділер өмірінің сирек кездесетін және қызықты сәттерін, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен алынған таңғажайып пейзаждарды алғаш рет көрермен назарына ұсынып отыр.

Көрме бірнеше тақырыптық аймаққа бөлінген, олардың әрқайсысы көшпенділердің өмірінің әртүрлі аспектілерін және олардың табиғатпен терең байланысын ашады:

• Көшпенділер әлеміне кіріспе: Қазақстан көшпенділерінің табиғаты мен күнделікті өмірін көрсететін фотосуреттер.

• Көшпенділер рухы: Көшпенділердің дәстүрлері, рәсімдері және табиғатпен өзара әрекеттесуі туралы суреттер.

• Көшпенділер және табиғат: Көшпенділер мен айналадағы табиғат арасындағы үйлесімділікті фотосуреттер арқылы көрсету.

• Саяхат және зерттеу: Көшпенділердің зерттеу рухын көрсететін деректі суреттер.

Айта кетейік, көрме 2024 жылдың 17 қыркүйегіне дейін жалғасады.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға