©El.kz/Ажар Лаубаева

Астанада кітапхана саласына жасанды интеллект енгізу мәселесі талқыланды

20.05.2025 16:36

Елорданың ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Кітапханалық-ақпараттық салада жасанды интеллект технологияларын енгізу» тақырыбында республикалық семинар өтті. Іс-шара Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай «Рухани қазына – 2025» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Семинар барысында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған сала мамандары мен сарапшылар жасанды интеллекттің кітапхана ісіне енгізілуінің мүмкіндіктері мен тиімділіктерін кеңінен талқылады. Іс-шараны ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы директорының орынбасары Нұржан Жолдыбалинов ашып, ЖИ-дің оқырмандарға ақпарат ұсынудағы және сирек қорларды өңдеудегі әлеуетіне тоқталды.

Әр оқырман келген сайын біз кітапхана базасын ұсынамыз. Егер оқырман белгілі бір тақырыпқа қызығушылық танытса, ЖИ соған ұқсас қосымша ақпарат көздерін тек кітаптардан ғана емес, баспасөз, диссертациялар, тіпті тарихи деректерден де ұсына алады. Сонымен қатар, сирек қордағы 13 мыңнан астам шағатай, төте жазу және араб графикасындағы кітаптарды қазақ тіліне аудару жұмыстарында да ЖИ-дің көмегіне жүгінудеміз. Қазір бұл бағытта алғашқы прототиптер дайын, - деді Нұржан Нұрланұлы.

Семинарға Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің Иркутск институты орталық ғылыми кітапханасының меңгерушісі Трофимов Иван арнайы қатысып, «Жасанды интеллект дәуіріндегі кітапханалардың атқаратын қызметі» тақырыбында баяндама жасады. Ол сирек қолжазбалар мен фотоматериалдарды қалпына келтіру, дауысты өңдеу және цифрландыру жолдарын таныстырды.

С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық кітапханасының директоры Әбілмәжинова Бейбітгүл өз сөзінде AI Zhan атты нейро-көмекшіні таныстырды. Ол кітапханалық сайтпен және автоматтандырылған жүйемен біріктіріліп, сенсорлы панель арқылы 24/7 режимінде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Басқосуда сондай-ақ Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы кітапхананың тәжірибесі де кеңінен таныстырылды. Директор орынбасары Айгүл Ахметжанова мен кітапханашы-бағдарламашы Шыңғыс Қайсарұлы «Bokey Mobile» қосымшасы мен Asel атты ЖИ көмекшісінің қызметін көрсетті.

Семинар соңында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы директорының орынбасары Нұржан Жолдыбалинов «MetaКітапханалар – цифрлық кеңістікке қадам» тақырыбында сөз сөйлеп, кітапхана қызметтерін жасанды интеллект көмегімен жаңғыртудың маңызын атап өтті.

Жалпы, шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 150-ден астам кітапханашы қатысып, ЖИ технологияларын тәжірибе алмасу, кәсіби шеберлікті арттыру және салаға заманауи серпін беру құралы ретінде пайдаланудың нақты жолдарын талқылады.