Жаңалықтар

Астанада кәсіпкерлікке қандай қолдау көрсетіледі

Астанада кәсіпкерлікке қандай қолдау көрсетіледі
Фото: gov.kz 22.02.2023 21:26 1343

Өткен жылдың қорытындысы бойынша елорданың ЖӨӨ құрылымындағы шағын және орта бизнестің үлесі 75%-ды. құрады. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстанның өңірлері арасында Астана көшбасшы болып тұр. Елордада кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетіліп жатқаны туралы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Сапаров мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қалада 209 мыңға жуық ШОБ субъектісі жұмыс істейді, онда 458 мың адам еңбек етеді, бұл қаланың экономикалық белсенді тұрғындарының 71%-ын құрайды.

2022 жылдың алдын ала қорытындысы бойынша елорданың ЖӨӨ құрылымындағы ШОБ үлесі 75%-ды құрады. Елорда әлі де осы көрсеткіш бойынша көшбасшылықты сақтап отыр.

Осы және басқа да көрсеткіштерге қол жеткізуге 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында қабылданып жатқан шаралар айтарлықтай ықпал етті.

Осылайша, бизнесті қолдау мақсатында елордада кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау жүргізіледі. Осы тетік бойынша 2022 жылы кәсіпкерлердің жобаларын қолдауға 19,5 млрд теңге бөлінді. 2022 жылы 102,2 млрд теңге сомасы бойынша 1 715 субсидиялау шартына қол қойылды.

Несиелерге ішінара кепілдік беру де жүзеге асырылады. Өткен жылы кәсіпкерлердің 1 526 кредитіне кепілдік берілді.

Сонымен қатар, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін шағын бизнес субъектілеріне конкурстық негізде 5 млн теңгеге дейін гранттар беріледі.

«2022 жылы өтінімдерді қабылдау 1-15 сәуір аралығында өтті. Мәселен, 1,8 мыңнан астам өтінім келіп түсті, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 5,4 есе көп (335 өтінім). Тыңдау қорытындысы бойынша 135 кәсіпкердің жобасы мақұлданды, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарынан 29 кәсіпкер және 28 жас кәсіпкер бар», - деді Сапаров.

Қолдаудың тағы бір тетігі – экономиканың басым салаларында ШОБ объектісінің аумағына жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу. Биыл осы бағытта 1,9 млрд теңге сомасына жетіспейтін инфрақұрылымды жүргізу бойынша 3 жобаға қолдау көрсетілді.

Сондай-ақ, ШОБ-ты, оның ішінде басым емес салаларда (сауда, қызмет көрсету, қоғамдық тамақтандыру) жұмыс істейтіндерді мемлекеттік қолдаумен барынша қамту үшін әкімдік «Даму» Қорымен бірлесіп «Астана Бизнес 2» жергілікті жеңілдікті кредиттеу бағдарламасын іске асыруда.

«Биыл аталған бағдарламаға барлығы 1,5 млрд теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда 489 млн теңге сомасына кәсіпкерлердің 9 жобасы мақұлданды. Сондай-ақ тұрақты негізде кәсіпкерлермен кездесулер өткіземіз. Кездесу барысында кәсіпкерлерді толғандыратын өзекті және түйткілді мәселелер талқыланды», - деп қорытындылады спикер.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға