Астанада ішімдікке сылқия тойған бұзақылар полицейлерге күш көрсеткен
Астанада ішімдікке сылқия тойған бұзақылар полицейлерге күш көрсеткен, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Елорданың жедел басқару орталығына түнгі уақытта Бөгенбай батыр даңғылы мен Желтоқсан көшесінің қиылысында екі ер адам арасында төбелес болғаны туралы ақпарат түскен.
Оқиға орнына жедел жеткен патрульдік полиция қызметкерлері төбелеске қатысушыларды мас күйінде ұстап, оларды тергеу кезінде ер адамдардың бірі агрессивті әрекет жасап, патрульдік полиция қызметкерлеріне әдепсіз сөздер айта бастаған. Ол тиісті ескертулерге жауап бермей, қызметкерлердің заңды талаптарын орындаудан бас тартқан. Дөрекі сөздер айтқан бұзақы билік өкілдеріне күш көрсетіп те, үлгерген. Ол тәртіп сақшысының жилеткасын жұлып алып, көзілдірігін сындырғаннан кейін олар бұзақыны дене күшін қолдану арқылы ауыздықтауға көшкен.
Қазір құқық бұзушы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Мемлекеттік қызметшілерге қызметтік міндеттерін орындау кезінде қорқыту және күш көрсету әрекеттері үшін 36 жастағы Астана тұрғынына қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 380-бабы (Билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.
Бұл қылмыс үшін баптың санкциясы екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл немесе түзеу және қоғамдық жұмыстарға тарту, не шектеу немесе екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.