Астанада ІІ Орталық Азия медиа форумы басталды

Елордада ІІ Орталық Азия медиа форумы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Орталық Азияда ірі халықаралық медиафорум өтіп жатыр. Ауқымды шараға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ұлыбритания, Қытай, Катар, Ресей және өзге де елдерден 700-ден астам делегат жиналды. Форумға саясаткерлер, танымал журналистер, медиакомпаниялар мен халықаралық ұйымдардың басшылары, сондай-ақ жетекші ақпарат құралдарының сарапшылары қатысуда.
Форумның басты мақсаты – Орталық Азиядағы медиа ұйымдар мен халықаралық серіктестер арасындағы ынтымақтастықты арттыру, бұқаралық ақпарат құралдарының цифрлық трансформациясын және оның аймақтың ақпараттық кеңістігіне әсерін талқылау. Сонымен қатар, БАҚ-тың қоғамдық пікір қалыптастырудағы рөліне де ерекше назар аударылып отыр.
Форум барысында жаһандық деңгейдегі өзекті мәселелер – климаттың өзгеруі, геосаяси тұрақсыздық, және олардың Орталық Азия экономикасына ықпалы да талқыланады. Тұрақты даму стратегиялары мен аймақтық мүдделерді халықаралық деңгейде ілгерілету жолдары да күн тәртібіндегі басты тақырыптардың бірі болмақ.
Екі күн бойы өтетін панельдік сессияларда қатысушылар медиа саласындағы заманауи трендтер мен технологиялық өзгерістерді, соның ішінде жасанды интеллект, Big Data және әлеуметтік желілердің ақпарат таратудағы маңызы мен ел имиджін қалыптастырудағы рөлін кеңінен талқылайды. Форум аясында Орталық Азия елдерінің ақпарат саласы өкілдері арасында бірқатар іскерлік кездесулер мен тәжірибе алмасу шаралары өтеді.
