Астанада «Гүлдер» ансамблі жаңа құрамда алғашқы концертін өткізеді
1 наурызда Qazaqstan орталық концерт залының сахнасында аты аңызға айналған «Гүлдер» ансамблінің жаңа құрамының таныстырылымы және алғашқы концерті өтеді. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған шараға қазақ эстрадасының жұлдыздары, жас орындаушылар және ұжымның бұрынғы мүшелері қатысады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі министрлікке сілтеме жасап.
Бұл концерт министрліктің 50 жылдық тарихы бар ансамблді жандандыру жолындағы қажырлы еңбегінің нәтижесі. Жоба өткен жылдың тамыз айында басталды. Алдымен «Гүлдер» би және аспаптық топтарына өнерпаздар қабылданды. Іріктеу туры шығармашылық оқу орындарының түлектері арасында өткізілді.
Тәлімгерлердің бірі ретінде балетмейстер Анвара Садықова шақырылды, ал жобаның көркемдік жетекшісі, дирижері Серік Давлетов.
««Гүлдер» ансамблінің шығармашылығына қазақстандықтардың бірнеше буыны тәнті болып өсті, сондықтан осындай тағылымды тарихы мол ұжым тыңдаушыларды қуантуды жалғастыруы оңды болар еді. Әсіресе, қазіргі жастарымыз ұжымның репертуарынан рухани қуат алары сөзсіз. Алғашқы күндерінен бастап таланттардың нағыз ұстаханасы болған ансамбль аты аңызға айналған ондаған орындаушының үлкен сахнаға шығуына жол ашты. Мұндай даңқты дәстүрді жаңғырту керек деп санаймын», – деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.
Айта кетейік, «Гүлдер» ансамблі 1969 жылы құрылған. Оның құрамында әр уақытта Роза Рымбаева, Айжан Нұрмағамбетова, Мақпал Жүнісова, Нағима Есқалиева, Жеңіс Сейдоллаұлы, Бақтияр Тайлақбаев және басқа да көрнекті орындаушылар өнер көрсетті.
Қайтадан жаңартылған ұжымның концерттері Қазақстанның басқа да қалаларында өтеді. Сондай-ақ, ансамбль шетелге де шығармашылық сапармен шығуды жоспарлап отыр.