El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Астанада Эстония әдебиеті бұрышы ашылды

Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Эстония кітабы жылы аясында Эстония әдебиеті бұрышы мен комикстер көрмесі ашылды. Ашылу салтанатына Эстония президенті Алар Карис қатысты, деп хабарлайды  El.kz интернет порталының тілшісі.

Бұл жоба эстон мәдениетін, тілін және әдеби мұрасын Қазақстандағы оқырмандарға таныстыруға бағытталған.

El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Аталмыш іс-шара Эстонияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Эстон тіліндегі алғашқы кітаптың жарық көргеніне биыл 500 жыл толды. Президент Алар Карис өз сөзінде осы маңызды мерейтойды қолдау мақсатында 2025 жылды «Эстон кітабы» жылы деп жарияланғанын айтты.

El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Биыл біз эстон жазба тілінің 500 жылдығын атап өтіп отырмыз. Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында шағын, бірақ мәні зор Эстония әдебиеті бұрышын ашып отырмыз. Бұл бастама арқылы қазақстандық оқырмандарға эстон мәдениетімен танысуға, халықтар арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік беріледі. Кітаптар біздің даналығымыз бен тарихымызды сақтауға, ұрпаққа жеткізуге қызмет етеді. Біз екі ел арасындағы мәдени байланыстарды әдебиет арқылы одан әрі нығайтуға ниеттіміз, – деді президент.

Жаңа әдебиет бұрышында эстон классиктері мен қазіргі заман қаламгерлерінің шығармалары, балаларға арналған көркемделген кітаптар, сондай-ақ эстон тіліне аударылған қазақ әдебиетінің туындылары мен қазақ тіліне аударылған эстон авторларының еңбектері қойылған.

El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Жалпы көрмеде 320-ға жуық басылым ұсынылды, оның 200-ден астамы тікелей Эстониядан әкелінген. Атап айтқанда, Мұхтар Әуезовтің әлемге танымал «Абай жолы» роман-эпопеясының эстон тіліндегі нұсқасы, сондай-ақ Антон Хансен Таммсааре, Янн Каплинский, Андрус Кивиряхк шығармалары қамтылған.

El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Сондай-ақ Эстония президенті Алар Карис өз сөзінде кітаптың ұлттар арасындағы рухани байланысты күшейтудегі рөлін ерекше атап өтті. 

El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Бүгінгі күні жасанды интеллект пен технологияның дамуы әлемді түбегейлі өзгертіп жатыр. Бірақ қандай жаңалық келсе де, өткеннің рухани мұраларын сақтау біз үшін аса маңызды. Айтыс сияқты дәстүрлі өнер де, кітап та – халқымыздың даналығы мен тарихын сақтайтын бағалы қазына. Олар тек біздің буынның емес, бізден кейінгі көптеген ұрпақтың да игілігіне қызмет етеді. Кітап – жай ғана қарым-қатынас құралы емес, ол біздің жан дүниемізді, рухани күйімізді сезінудің, өмірді терең түсінудің бірегей жолы, – деді Эстония президенті.

Президент өз сөзінде қазақ тіліне аударылған екі эстон кітабын арнайы ала келгенін айтты.

El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Бұл кітаптар – біздің халықтың даналығы мен әңгімелерінің көрінісі. Осы үлкен кітапханадан оларды тауып, қызығушылықпен оқисыздар деген сенімдемін, – деді Алар Карис. 

Көрменің бір бөлігі ретінде эстон әдебиетінің тарихына саяхат жасайтын комикстер ұсынылды. Экспозиция эстон мәдениеті мен тарихының дамуына ықпал еткен маңызды шығармаларды эстон тіліндегі алғашқы кітаптың жарық көруінен бастап тәуелсіздік декларациясына дейінгі кезеңдерді көрсетеді. Комикстерде эстон әдеби дәстүрінің маңызды 12 сюжеттік кезеңі бейнеленген. Көрме 2025 жылғы 30 қарашаға дейін жалғасады.

Сондай-ақ шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да келіп, екі ел арасындағы әдеби және мәдени диалогтың маңыздылығына тоқталды.

El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Біз бүгін Ұлттық академиялық кітапханада Эстония әдебиеті мен қаламгерлері туралы жүзден астам құнды басылыммен танысуға мүмкіндік алып отырмыз. Қазақ және эстон әдебиеттерінің бір-біріне аударылған туындылары – халықтар арасындағы рухани байланыстың айқын көрінісі. Бұл бастама елдер арасындағы мәдени әріптестікті нығайтып, ұрпақтарға әдебиет арқылы қашанда құнды мұра қалдырады, – деді.

Эстония әдебиеті бұрышы қазақстандық оқырмандарға эстон халқының бай рухани әлеміне терең бойлауға мүмкіндік береді. Бұл көрме Қазақстандағы оқырмандарға эстон әдебиеті мен мәдениетімен танысуға, әдебиет арқылы жаңа білім алу мен рухани тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Президент Карис пен министр Балаева атап өткендей, кітаптар мен әдеби мұра  тек қарым-қатынас құралы ғана емес, халықтың тарихы мен даналығын сақтаудың басты жолы.

El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Айта кетейік, екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы ресми түрде орнаған. Осы сәттен бастап екіжақты ынтымақтастық біртіндеп күшейе түсті. Қазақстан мен Эстония арасындағы саяси байланыстар өзара сенім мен түсінікке негізделген тұрақты даму үстінде.

El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Сауда және интеграция министрлігінің соңғы деректері бойынша, 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында екі ел арасындағы тауар айналымы 46 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл көлемнің ішінде Қазақстанның Эстонияға экспорты 20,2 миллион доллар болып, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 23,2 пайызға төмендегені байқалады. Жалпы алғанда, саяси диалогтың жоғары деңгейіне қарамастан, сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі арттыру үшін екі тарапта да әлеует мол деп айтуға болады.

El.kz/Артем ЧУРСИНОВ