Елордада есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл туралы елордалық прокуратураның Сарайшық ауданы бойынша сотқа дейінгі тергеу мен қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау бөлімінің басшысы Әлібек Болатбеков хабарлады, деп жазады El.kz интернет порталы.
Оның айтуынша, бүгінде ең үлкен қауіп — синтетикалық есірткілер. Олар интернет пен мессенджерлер арқылы жасырын сатылып, әсіресе жастардың өмірі мен денсаулығына зор қауіп төндіруде.
Прокуратура мәліметінше, соңғы алты айда Сарайшық ауданында есірткі айналымына қатысты 96 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген, оның 26-сы — сату фактісі. 70 килограмнан астам есірткі тәркіленіп, 10 адам қамауға алынған. Сонымен қатар 200-ден астам наркограффити анықталып, жойылды. Бірнеше іс Қылмыстық кодекстің 299-1-бабы бойынша тергелуде, ол 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Әлібек Болатбековтың айтуынша, тұрғындардың бір бөлігі есірткі сақтаудың немесе насихаттаудың ауыр қылмыс екенін әлі толық түсіне бермейді. Заңға сәйкес, тіпті аз мөлшердегі есірткі үшін де жауапкершілік қарастырылған. Ал қылмыстың ауыр түрлеріне 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Қалалық прокуратура мен полиция бірлесіп, жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру мен салауатты өмір салтын насихаттау бағытында «Астанада есірткіге қарсы 30 күндік шаралар кешені» жобасын іске асырды. Оның аясында 1500-ден астам студент пен оқушы қатысқан форум, спорттық жәрмеңкелер, кездесулер мен рейдтер өткізілді.
Спикердің сөзінше, мұндай бастамалар қоғамда есірткі қылмысына мүлде төзбеушілік қалыптастыруға бағытталған. «Қылмыстың алдын алу – оны жасағаннан кейін жазалаудан әлдеқайда тиімді. Сондықтан әр азамат күмәнді жағдай байқаса, құқық қорғау органдарына дереу хабарлауы тиіс», — деді Әлібек Болатбеков.

