Астанада ер кісі бір түнде жүк көліктерінің 12 аккумуляторын ұрлап кеткен
Астанада 34 жастағы ер кісі бір түннің ішінде жүк көліктерінен 12 аккумулятор ұрлады деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz-ке сілтеме жасап El.kz интернет порталы.
Ұрлық фактілері туралы полицияға жүк көліктерінің иелері арызданған. Жәбірленушілердің айтуынша, түнгі уақытта белгісіз біреу олардың КамАЗ және ЗИЛ ЦСМ4503 көліктерінен жалпы құны шамамен бір миллион теңге тұратын аккумулятор батареяларын ұрлап кеткен.
Сарайшык ауданының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері оқиға орнына дереу барып, куәгерлерден жауап алған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 34 жастағы азамат ұсталды. Ол көпқабатты үйдің ауласында кездейсоқ болып қалып, бірден алты жүк көлігін байқап қалғанын мойындаған. Әр көліктен екі аккумулятордан шешіп алған ол оңай олжасын жалға алған көлікпен үйіне жеткізген. Алайда оларды сатып үлгермеген.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ұрланған аккумуляторлар иелеріне қайтарылды.

