Жаңалықтар

Астанада екі дәріхана тыйым салынған препаратты сатқаны үшін жарты жылға жабылды

Астанада екі дәріхана тыйым салынған препаратты сатқаны үшін жарты жылға жабылды
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 14.05.2023 11:15 1111

2023 жыл басталғалы бері Астанада күшті әсер ететін препараттарды сатып келген 4 дәріхананың басшысы жауапқа тартылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Астана қалалық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Рустам Ғазизов шектен шыққан дәріхана басшыларына қатысты шара қолданғанын мәлімдеді. 

Есірткі қылмыстарын анықтауда елорда тұрғындары белсенділік танытуда. Тұрғындардан түскен ақпарат негізінде есірткі заттарын сатумен айналысып келген 52 сайт бұғатталды. Сонымен қатар, қала аумағындағы психотроптық заттарды жарнамалайтын суреттер өшірілді, - деп мәлім етті Рустам Ғазизов.

Басқарма басшысы астаналық дәріханалар арқылы күшті әсер ететін препараттардың таралу дерегі әлі азаймағанын жеткізді. 

Жыл басынан бері полиция департаменті мен медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті бірлесіп, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 426-бабы (Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу) бойынша 4 жағдайды анықтады. 2 дерек бойынша жеке кәсіпкерлерге 345 000 теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал қалған 2 дәріхана мұндай құқық бұзушылықты қайталап жасағаны үшін 6 ай мерзімге жабылды, - деді Рустам Ғазизов.

Сондай-ақ, 2023 басталғалы бері Астана аумағында 362 есірткі қылмысы тіркеліп, 14 келі "синтетика" тәркіленгені белгілі болды. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға