Жаңалықтар

Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары марапатталды

Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары марапатталды
Фото: El.kz/Амангүл Тілейқызы 02.10.2024 17:18 96

ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, жаттықтырушыларды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Құрмет грамотасы, ҚР Президентінің Алғысы, ҚР Президентінің Алғыс хаты және Ерен еңбегі үшін медалімен марапаттады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шара барысында Ербол Мырзабосынов жиынға қатысушыларды байрақты бәсекенің сәтті аяқталуымен құттықтап, көшпенділер додасы жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спортты дамытуға әркез қолдау көрсетіп, оның маңыздылығын үнемі айрықша атап өтеді. Көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында «Ұлы дала дүбірі» – еліміз үшін тарихи оқиға, ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода, Көшпенділер олимпиадасы» деп бағалады. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары арқылы көшпелі мәдениеттің бесігі қазақ жерінен басталатынын тағы бір мәрте төрткүл дүниеге паш еттік. Ата-бабамыздан мұра болып қалған төл өнерімізді дәріптеп, дамытудың жарқын үлгісін көрсеттік. Осы орайда іс-шараның өтуіне атсалысқан барлық спортшылар мен жаттықтырушылардың қажырлы еңбегін жоғары бағалап, алғысымды айтамын. Өздеріңіздей ұлтын сүйетін нағыз отаншыл азаматтар барда еліміздің болашағы жарқын боларына кәміл сенемін, – деді Туризм және спорт министрі.

8-13 қыркүйек күндері елордада ұйымдастырылған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 90-ға жуық мемлекетінен 2500-ге тарта спортшы қатысып, 97 медаль жиынтығын сарапқа салды.

Жиын барысында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Парасат», «Құрмет» ордендері, «Ерен еңбегі үшін» медалі және басқа да мемлекеттік наградалар табысталды.

Көшпенділер ойынында дәстүрлі садақ атудан әйелдер арасындағы жарыста 4 қазақстандық бақ сынады. Соның бірі – садақ атудан Қазақстан чемпионы Ажар Төлеуқанова. Ажар садақ атуды Астанада үйреніп, Өскеменде жастарды мергендікке баулитын кәсіби мектеп ашқан. Бүгінде мерген қыз Өскеменде дәстүрлі садақ ату федерациясын ашып, 100-ге жуық талапкерге бапкер болып жүр. Бүгінгі марапаттау кешінде Ажар Рахметқызы ҚР Президентінің Алғыс хатына ие болды.

Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары марапатталды

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынында күміс жүлдеге ие болдым. Осы еңбегімізді елеп-ескеріп, марапаттап жатқандарыңызға алғыс айтамын. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Өзім 2018 жылдан бері садақ атумен айналысамын. Спортқа келмей тұрып-ақ садақ аттық. Енді елімізде бұл спорт түрінің одан сайын дамуына үлесімді қосып жатырмын, - деді күміс жүлде иегері Ажар Рахметқызы.

Көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Ақылбай Манкеев спортшылардың еңбектерінің еленіп жатқанына қуанышты екенін білдірді.

Бұл әрқайсысының еңбектері. Федарация атынан бәрінің астына бір-бір көлік мінгізді. Көкпаршыларымыздың төбесі көкке жетіп жатыр. Қуаныштымыз, - деді Ақылбай Манкеев.

Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары марапатталды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға