Астанада Дүниежүзілік кітапхана және ақпарат конгресі басталды
Бүгін Астанада IFLA-ның 89-шы Дүниежүзілік кітапхана және ақпарат конгресі басталды. Бұл ірі халықаралық іс-шара Орталық Азияда алғаш рет өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Басқосуға 130-дан астам елден келген шамамен 4000 делегат қатысуда. Олардың қатарында кітапханашылар, ақпараттық технология мамандары, оқытушылар және баспа өкілдері бар. Конгресс бағдарламасына 80-нен астам кәсіби сессия енгізілген. Онда сандық кітапханалар, жасанды интеллектіні қолдану, кітапхана қорларын сақтау және каталогтау стандарттары сияқты кітапханашылық қызметтің түрлі қырлары қарастырылады.
Жыл сайын өтетін халықаралық іс-шарада әлемнің түкпір-түкпірінен келген білікті кітапханашылар тәжірибе алмасып, жаңа ақпараттық технологияларды және кітапхана ісіндегі жетістіктерді талқылайды.
Айта кетейік, IFLA – әлемдік деңгейдегі кітапхана ісі мамандарының жаһандық қоғамдық ұйымы. Ол әр елдегі озық тәжірибелерді жинақтап, талдайды және ақпаратты ұйымдастыру мен пайдаланушыларға қызмет көрсетудің халықаралық стандарттарын белгілейді.
Конгресс ұйымдастырушылары – Халықаралық кітапханалық ассоциациялар мен мекемелер федерациясы (IFLA), ҚР ЖОО кітапханалары қауымдастығы, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы және «Астана даму орталығы» АҚ.

