Жаңалықтар

Астанада дүкеннен қымбат шарап ұрлағандар құрықталды

Астанада дүкеннен қымбат шарап ұрлағандар құрықталды
Фото: © Polisia.kz 03.11.2023 09:46 899

Астана полицейлері супермаркеттен ұрлық жасаған азаматтарды ұстады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында супермаркеттен қымбат виски ұрлаудың екі фактісін анықтады. Бірінші оқиға Нұра ауданында орын алған. Белгісіз ер адамдар дүкеннен 173 мың теңге тұратын Macallan, Sherry Oak деп аталатын вискиді жасырын алып, сөреге бос қорабын қойып кеткені белгілі болды.  Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен 25 және 27 жастағы қала тұрғындарын ұстады.

Екінші оқиға 27 жастағы ер адамның қатысуымен орын алған. Ол қаланың сол жақ жағалауындағы супермаркетке келіп, сөредегі 2 бөтелке Jameson вискиін жасырын дорбасына салып, ізін суытқан. Келтірілген шығын 114 мың теңгеден астам соманы құрады.

Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта ер адамдардың елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға