Жаңалықтар

Астанада домбырамен күй ойнаған мың оқушы Гиннестің рекордтар кітабына енді

Астанада домбырамен күй ойнаған мың оқушы Гиннестің рекордтар кітабына енді
Фото: nis.edu.kz 15.01.2023 16:25 3115

2022 жылдың мамыр айында елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте оқу жылын аяқтаған ең ауқымды домбыра сабағы Гиннесс рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Онлайн рекордты тіркеу туралы ақпарат Гиннесс рекордтар кітабының ресми сайтында жарияланды.

NIS-тегі домбыра сабағы – бір мектептің мыңға жуық оқушысы ұлттық музыкалық аспапты жетік меңгеріп, бірге күй орындаған әлемдегі тұңғыш оқиға. Ең ауқымды домбыра сабағына қосымша білім беру педагогі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Айтжан Тоқтаған дирижерлік етті. Зияткерлердің орындауында «Сарыарқа», «Балбырауын», «Еркем-ай», «Кеңес», «Жастар биі» сынды атақты күйлер күмбірлеп, туындылардың шығу тарихы баяндалды.

Гиннесс рекордтар кітабының талаптары бойынша ауқымды сабақты 25-тен астам стюард пен 2 куәгер қадағалады. Тәуелсіз стюардтар 50 қатысушыдан жиналған белгілі бір топты бақылады. Куәгерлер GWR-дің сенімді өкілі ретінде қызмет атқарып, рекордтың орнауы мен Кітаптың барлық критерийінің толық сақталуын қамтамасыз етті.

Guinness World Records ережелеріне сәйкес ауқымды сабақ басталар алдында барлық қатысушы екі тіркеу пунктінен өтті: біріншісі – жеке бейдждерін сканерледі және «Кандидат-маркер» бағдарламасы арқылы аймаққа кірді, екіншісі – кезекші қатысушылардың механикалық есебін жүргізді, - деп хабарлады НЗМ. 

Қазақ халқының басты ұлттық аспабы – домбыра Назарбаев Зияткерлік мектептерінің символына айналды. Бүгінгі таңда еліміздегі барлық NIS-те домбыра пәнінің элективті курстары енгізіліп, оның аясында Құрманғазы Сағырбайұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы, Нұрғиса Тілендиевтің атақты күйлерінің тарихы міндетті түрде оқытылады, ал ең танымал жобалардың қатарында «100 күйдің тарихы» жобасы бар, барлық мектепте домбыра ансамбльдері мен студиялары жұмыс істейді, домбыра сабақтары математика, физика, шет тілі сабақтарымен ұштастырылуда, жас музыканттар «Ұлы дала мұрагерлері» дәстүрлі флешмобында жыл сайын ел сахналарын бағындырып жүр. Домбыра мен ұлттық музыкаға деген қызығушылықты арттыру бойынша жүйелі жұмыс NIS-тің халықтық құндылықтар мен дәстүрлерді сақтау бойынша ауқымды бағдарламасы аясында іске асырылып келеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға