©El.kz/Ажар Лаубаева

Астанада «Дарын» жастар сыйлығының иегерлері марапатталды

26.11.2025 17:43

Астанада «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Дәстүр бойынша мәдениет, ғылым, медиа және спорт салаларында айрықша жетістікке жеткен 20 жас маман көзге түсіп, биылғы жылдың үздіктері атанды. Олардың қатарында халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары, ел намысын қорғаған спортшылар, сондай-ақ қоғамдық және инновациялық жобалардың авторлары бар.

Салтанатты рәсімде мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтау сөз сөйлеп, жастардың ел дамуындағы рөліне ерекше тоқталды.

©El.kz/Ажар Лаубаева

Бүгін біз еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген талантты жастарымызды марапаттау үшін жиналып отырмыз. Ең алдымен биылғы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттарын шын жүректен құттықтаймын. Жастар – қоғамның қозғаушы күші, үкілі үміті. Халқымыз қашан да талантты жасқа қамқор болып, өскелең ұрпаққа үлкен сенім артқан, – деді ол.

Аида Балаева мемлекет басшысының жастар саясатына қатысты ұстанымын да атап өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әр жолдауында жастарды қолдаудың маңызын айқындап келеді. Қолға алынған реформалар мен бастамалар – жастардың болашағы үшін жасалып жатқан үлкен өзгерістердің нақты көрінісі. Мемлекет талантты, білімді, белсенді жасты әрдайым қолдауға дайын, – деді министр.

1992 жылдан бері табысталып келе жатқан «Дарын» сыйлығы талантты жастарды ғылыми, шығармашылық, қоғамдық қызметтегі жетістіктері және спорттық нәтижелері үшін мемлекеттік деңгейде қолдау мақсатында тағайындалған. Осы уақытқа дейін бұл марапатты 360-тан астам жас иеленген.

©El.kz/Ажар Лаубаева

Биылғы жеңімпаздар тізімі мынадай:

«Ғылым» номинациясы

  • Әлжан Байменов – «Физика-техникалық институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ғылыми қызметкері,
  • Ерік Шаленов – «Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының қауымдастырылған профессоры, ғылыми қызметкер.

«Эстрада» номинациясы

  • Ерназар Жұбан – Алматы қаласы Мәдениет басқармасының «Алматы әуендері» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының Алматы қаласы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің солист-вокалисті,
  • Еңлік Құрарбек – эстрада әншісі.

«Классикалық музыка» номинациясы

  • Назым Сағынтай – «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының опера солисті,
  • Бағжан Есіркеп – танымал виолончельші.
©El.kz/Ажар Лаубаева

«Халық шығармашылығы» номинациясы

  • Азамат Шнаров – «Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының әртісі,
  • Іңкәр Айдарханқызы – «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының «Гүлдер» ансамблінің әртісі.

«Дизайн және бейнелеу өнері» номинациясы

  • Томирис Қалиева – «Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынының студенті,
  • Кәрім Байғұтов – «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының «Өнер» факультетінің деканы.

«Журналистика» номинациясы

  • Ольга Бугаева – NA «Pavlodarnews. kz» бас редакторы,
  • Мөлдір Сыздықбаева – «Хабар» агенттігі АҚ «Хабар» телеарнасының Ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар қызметі, жаңалықтар бөлімінің редакторы.

«Қоғамдық қызмет» номинациясы

  • Ақерке Искандерова – «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы,
  • Меруерт Өтегенова – «Мархабат.KZ» Мүгедектер Қоғамы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары.

«Спорт» номинациясы

  • Аида Әбікеева – ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Спортты дамыту дирекциясы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының нұсқаушы-спортшысы,
  • Дастан Сәтпаев – қазақстандық футболшы, «Қайрат» клубының және Қазақстан құрамасының шабуылшысы.

«Әдебиет» номинациясы

  • Әлия Іңкәрбек – Алматы қаласы Мәдениет басқармасының «Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің № 4 кітапхана жетекшісі,
  • Мәрлен Ғилымханов – «Орал өңірі» газетінің тілшісі.

«Театр және кино» номинациясы

  • Әли Бидахметов – Астана қаласы әкімдігінің «Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының бас режиссері,
  • Елдос Шайкенов – Астана қаласы әкімдігінің «Жастар театры» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының актері.
©El.kz/Ажар Лаубаева