Жаңалықтар

Астанада боулингті көзді жауып ойнаудан турнир өтті

Астанада боулингті көзді жауып ойнаудан турнир өтті
Фото: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі 29.03.2024 22:18 596

Мүгедек жастар қоғамы ұйымы мен Астана қаласының кәсіпкерлерінің ұйымдастыруымен боулингті көзді жауып ойнаудан турнир өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Боулингті көзді жауып ойнау кез келген адамның қолынан келе бермейді. Осы ретте «Думан» қонақ үйінде Астана қаласының кәсіпкерлерінен жасақталған 5 команда ерекше сайыста сынға түсті.

Адамда 5 сезім мүшесі бар. Олар: көз, құлақ, тіл, мұрын, тері. Ал олардың ішінде көздің жабық болуы мидың дамуына тікелей әсер етеді. Сондықтан да осы жарысты ұйымдастыру идеясы ойымызға келді. Қазіргі қоғамда мүгедектер жайлы жаңсақ қағида қалыптасқан. Көпшілігі мүгедек дегенде, оларды зейнетақы және тамақпен қамтамасыз етсе, жеткілікті деп ойлайды. Дегенмен адам қандай жағдайда болса да, өзгенің мүсіркегенін қаламайды, - деді «Мүгедек жастар қоғамы» ұйымының төрағасы Мұрат Абдумомынов.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шара екінші рет өткізілуде. Бұған дейін 2023 жылы қазан айында мемлекеттік орган қызметкерлері арасында да осындай жарыс өткен.

Мүгедектердің жанын тек мүгедектер ұғынады. Ал сау адамдар денсаулық пен отбасының қадірін басқа түспейінше, түсіне бермейді. Соның анық дәлелі пандемия уақытында анық білінді. Сен қанша ақша тапсаң да, өмірдегі басты дүние емес. Боулингті көзді жауып ойнау арқылы сау адамдардың да өздерінің мүмкіндігі шексіз емес екендігін дәлелдегіміз келді, - деді Мұрат.

Бәсекенің басында қатысушылардың жылдамдығы мен қарқыны қатты болғанымен, нысанадан мүлт кетіп жатты. Тек 10-15 минуттан соң ғана, олар ойынға бейімделді.

Боулингке бос уақытымда достарыммен бірге барып, ойнаймын. Бүгінгі ерекше жарысты бірінші рет естідім. Жаңа дүние қашан да қызық қой. Бастапқыда шарды ұстау қиын болғанымен, уақыт өте келе көзге ғана емес, айналаны сезіммен сезіне бастайды екенсің - деді Әлішер есімді қатысушы өз пікірін білдіріп.

«Мүгедек жастар қоғамы» ұйымы алдағы уақытта тек боулингпен ғана шектелмей, күз мезігілінде Астанада бірінші рет желкенді спорттан да шара өткізу идеясы бар екенін айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға