Жаңалықтар

Астанада биыл миллионға жуық жасыл желек отырғызылады – қала әкімі

Астанада биыл миллионға жуық жасыл желек отырғызылады – қала әкімі
Фото: Астана қаласы әкімдігі 19.10.2024 16:16 542

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында қаланы көгалдандыру жұмысы қалай жүріп жатқаны туралы жазды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елордамызды көгалдандыру жұмысын жүргізіп жатырмыз. Бүгін Ғашықтар саябағы (Хан-Шатыр СОО-ға қарама-қарсы) қосымша көгалдандырылды. Мәселен, осы сауда орталығының жанында 2 қоғамдық кеңістік абаттандырылды, ал бұл орындарға сауда орталықтарының құрылысы жоспарланған болатын. Бүгін саябақты көгалдандыруға ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, депутаттар, белсенділер және қаланың жанашыр тұрғындары қатысты, - деді әкім.

Қала басшысының сөзіне қарағанда, биыл қалада миллионға жуық жасыл желек (ағаштар, бұталар, көшеттер) отырғызылады. Олардың басым бөлігі бүгінге дейін отырғызылды, оның ішінде жасыл белдеу де бар.

Біз жасыл желектерді көрікті жерлерге, мәдени, спорттық, білім беру және басқа да нысандарға отырғызамыз. Қалада жасыл аймақтар көптеп ашылды.

Биыл сондай-ақ 170-ке жуық аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Мысалға, Ұлытау аллеясын, Мәңгілік ел, Тәуелсіздік, Тұран даңғылдарын, «Қазақ елі» алаңын, «Мыңжылдық» аллеясының бір бөлігін, Жүргенов аллеясындағы гүлзарды, ескі вокзал аумағын және оған іргелес Гете мен Біржан сал көшелерін ауқымды түрде абаттандырып, көгалдандырдық, - деп жазды ол.

Сонымен қатар Ақбұлақ жағалауы, Президент саябағы және «Бейбітшілік пен келісім» саябағы кіретін Есіл өзенінің бойындағы саябақ кластері абаттандырылады.

Бұған қоса, Жағалау шағын ауданында 18 гектар аумақты кешенді абаттандырдық және т.б. Көгалдандырумен және абаттандырумен қаланың барлық ауданын қамтимыз, – деп атап өтті қала әкімі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға