Астанада биыл 15 мектеп пен 11 балабақша салынады
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында салынып жатқан әлеуметтік нысандар туралы жазды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Біз әлеуметтік нысандардың құрылысына ерекше назар аударамыз. Олар – мектеп, балабақша, оқушылар сарайы, медициналық мекеме және т.б. Мәселен, елордада 2017 жылдан бастап мемлекеттік балабақшалардың құрылысы тоқтап қалды. Ал оны біз қайта жандандырдық. Көптеген жүйелі жұмыс жүргіздік: алғашқы жер телімдерін белгіледік, инженерлік желілерді, басқа да қажетті инфрақұрылымдарды дайындадық, - деп жазды әкім.
Әкім Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбеновпен бірге құрылысы жүріп жатқан бірқатар әлеуметтік нысанды аралаған.
Биыл 11 балабақшаны пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Олар – жергілікті бюджет есебінен 1500 орындық 5 балабақша, жеке инвестиция есебінен 1094 орындық 4 балабақша, тұрғын үйлердің бірінші қабатында 185 орынға есептелген балабақша, сондай-ақ 120 орындық жаңғыртылған ғимарат. Аталған балабақшаларда 2899 орын ашылады, - деді ол.
Сонымен қатар, жаңа оқу жылында тағы 15 мектеп ашылады. Өткен оқу жылында 24 оқу орны қолданысқа берілген. Оның 16-сы – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында. Әкім әлеуметтік нысандарды салуға да жеке қаражат тартылатынын тілге тиек етті.

