Астанада «Бес кілт» атты волонтерлік интенсив өтті
Астанада волонтерлік қызметті ұйымдастырушыларға арналған «Бес кілт» атты оқыту интенсиві өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл шара Қазақстан мен Ресей арасындағы 2025 жылға арналған гуманитарлық ынтымақтастық жоспары аясында ұйымдастырылып, екі елдің волонтерлік ұйымдары үшін кәсіби тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналып отыр.
Интенсивке елорданың түрлі волонтерлік ұйымдарының үйлестірушілері мен көшбасшылары, үкіметтік емес ұйымдар және бастамашыл топтар өкілдері қатысты. Қатысушылар қатарында «KMG-Volunteer», «Астана волонтерлері LIDER.KZ», «QANAT», «Астана жастары», «Жақсылық арифметикасы NS», «Сердце ангела», «Клуб Добряков Астаны» сияқты бірлестіктердің белсенділері болды.
Бағдарламаны Ресейдің «Мосволонтёр» ресурстық орталығының сарапшылары жүргізді. Олар қатысушыларға «Бес кілт» әдістемесін таныстырды. Бұл тәсіл волонтерлерді тарту, ынталандыру, даярлау, қолдау және марапаттау сияқты негізгі кезеңдерді қамтып, қозғалысты жүйелі дамытуға бағытталған.
Интенсив барысында қатысушылар Қазақстандағы волонтерліктің ерекшеліктерін талқылап, тәжірибе алмасып, өздерінің жаңа жобаларын ұсынды. Жиын практикалық сипатта өтіп, қалалық және өңірлік деңгейде волонтерлікті дамытудың ортақ бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
Бұл шара Қазақстан мен Ресей арасындағы гуманитарлық әріптестікті нығайтудың маңызды қадамына айналды. Сонымен бірге, волонтерлік саладағы кәсіби ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, азаматтық белсенділікті арттыруға жол ашты.

