Жаңалықтар

Астанада Бердібек Сапарбаевты еске алуға арналған конференция өтіп жатыр

Астанада Бердібек Сапарбаевты еске алуға арналған конференция өтіп жатыр
Фото: ©El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ 16.02.2024 11:50 867

Бүгін ЕҰУ-да мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевты еске алуға арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Алдымен ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды.

Мемлекет басшысы құттықтау хатта:

Қадірлі қауым, сіздерді Бердібек Сапарбаевты еске алуға арналған республикалық ғылыми-практикалық конференцияның ашылуымен құттықтаймын! Бердібек Мәшбекұлы – тәуелсіздік Қазақстанның қалыптасу жолына және дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Ол әр жылдары жоғары лауазымды қызметті абыроймен атқарып, еліміздің өсіп-өркендеуіне зор еңбек сіңірді. Бірқатар өңірде және мемлекеттік органдарда жетекшілік етіп, парасатты, іскер әрі білікті басшы ретінде танылды. Халықтың ерекше сый-құрметіне бөленді, – делінген құттықтау хатта.

Мемлекет басшысы: «Ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен азаматтардың есімін ұлықтау арқылы өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелейміз. Қайраткер тұлғаның адами қасиеттері мен кәсіби біліктілігі мен адал қызметі жас мемлекеттік қызметшілерге әрдайым үлгі-өнеге, – деді.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов тал бесіктен жер бесікке дейін туған халқына, ұлтына риясыз қызмет ету, қызмет ете жүріп тұтас елдің шынайы алғысын алып, құрметіне бөлену екінің бірінің қолынан келе бермейтінін айтты.

Сондай тұлғалардың бірі – Бердібек Мәшбекұлы. Ол кісінің мәнді де мағыналы ғұмыры, бейнелеп айтқанда, «аттың жалында, түйенің қолында өтті» деп айтуға болады. Еліміздің ең қиын салаларында жетекшілік етті. Бес бірдей облысқа әкім болған Қазақстандағы жалғыз тұлға және сол өңірлердің барлығы да мәселесі күйіп, шаруасы шатқаяқтап тұрған кезде Бердібек Мәшбекұлы сол өңірлерге басшылық жасады. Қазір сол бес облыс жеті аймаққа айналды. Бердібек Мәшбекұлы сол аймақтарға барғаннан кейін әлеуметтік-экономикалық жағдайы айтарлықтай оңала бастады, - деп атап өтті Қошанов.

Еске сала кетейік, мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев былтыр 71 жасында өмірден өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға