Жаңалықтар

Астанада бедеулік бойынша 1300-ден астам әйел тіркеуде тұр

Астанада бедеулік бойынша 1300-ден астам әйел тіркеуде тұр
Фото: elorda.info 07.03.2023 21:15 764

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2021 жылдан бастап Қазақстанда «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы іске қосылып, квота саны жылына 1 мыңнан 7 мыңға дейін өсті. Астана тұрғындары үшін 547 квота бөлінді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Осылайша қазір заманауи медицина мен мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде сәбилі болудың мүмкіндігі кеңейді. Бедеуліктің түрлі формалары бар науқастар бағдарламаға өтініш бере алады.

Былтыр аталған бағдарлама аясында 15 сәби дүниеге келді. Аман-есен сәбиін қолға алған бақытты аналардың бірі – Жұлдыз есімді қала тұрғыны. 

«Шаңырақ көтергенімізге 8 жыл болды. Тұрмыс құрғалы жолдасым екеуміз бала сүюді армандадық. Бұл бағдарлама туралы емханадағы өз дәрігерімнен білдім. Мұндай маңызды шешімді қабылдауыма дәрігердің жан-жақты түсіндіруі мен жолдасымның қолдауы себеп болды. Нәзік жандылар бұл шешімді жалғыз қабылдай алмайды», дейді пациент.

ЭКҰ жасату үшін ол 1-3 ай аралығында тұрақты медициналық тексерістен өткен. Ол көптен күткен тұңғышын қаңтардың 10-і күні аман-есен бауырына алды.

Бүгінде Астанада бедеулік бойынша 1 300-ден астам әйел тіркеуде тұр. Елордада әлеуметтік бағдарламаға квота негізінде қатыса алатындардың да саны жыл сайын артып келеді. Мысалы, 2019 жылы 74 квота бөлінген. Ал 2021 жылы 487 жұп МӘМС аясында ЭКҰ процедурасынан өту мүмкіндігін алса, 2022 жылы 518 ерлі-зайыпты бағдарламаға қатысқан. Биыл бас шаһарға 547 квота бөлінді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға