Елорданың Байқоңыр ауданында, Алаш тас жолының бойындағы үш қабатты ғимараттардың бірінен өрт шықты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
ТЖМ мәліметінше, оқиға орнына келген алғашқы бөлімшелер өрттің қатты өршіп кеткенін және қабатаралық жабынның ішінара құлағанын тіркеді. Өрттің жоғары жану жүктемесі мен қалың түтін сөндіру жұмыстарын қиындатты.
Оқиға орнында өрт сөндіру штабы құрылып, Төтенше жағдайлар министрлігінің командалық орталығында да үйлестіру штабы ұйымдастырылды. Сумен үздіксіз қамтамасыз ету қамтамасыз етілді.
Өрттің таралу қаупі жоғары болғанымен, құтқарушылардың үйлесімді жұмысының арқасында жақын маңдағы ғимараттарға оттың таралуына жол берілген жоқ.
Өртті сөндіруге Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың 165 қызметкері және 62 техникасы жұмылдырылды.

