Жаңалықтар

Астанада байдарка мен каноэде ескек есуден жасөспірімдер бәсекесі өтті

Астанада байдарка мен каноэде ескек есуден жасөспірімдер бәсекесі өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігі 19.07.2024 23:47 711

Байдарка мен каноэде ескек есуден 2010-2012 жылы дүниеге келген жасөспірімдер арасында қалалық бәсеке өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Астана қаласындағы №4 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің  60-тан аса жарысқа қатысып, 200, 500 метр қашықтықта өзара жүлдегерлерді анықтады.

Байдарка мен каноэде ескек есу спорты қымбат болғанымен, елімізде айналысу тегін. Көбінесе мектебімізге 11-12 жастан бастап, оқушыларды қабылдаймыз. Басты талап — денсаулығы дұрыс болу керек. Сондықтан кей балалардың ғана жолы болады. Оларды қызықтыру керек. Күнделікті 2 мезгіл су бетінде ескек есу қиын болуы мүмкін. Бірақ уақыт өте келе, енді ғана спортты қолға алған жасөспірім бейімделіп кетеді, — деді жасөспірімдердің жаттықтырушысы Ғалымжан Бекежан.

Әкімдіктің мәліметінше, жазғы демалыс уақытында оқушылар аптасына 5 мәрте жаттығып, әр мерекеге орай түрлі жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Байдарка мен каноэде ескек есу физикалық күшті талап ететіндіктен, қатысушылар жыл 12 ай үнемі дайын болуы керек. Сондықтан жасөспірімдер жазда су бетінде жүрсе, қыста бассейн, шаңғы тебу, жаттығу залында дайындалады. Бір қызығы, бұл спортқа суға жүзумен айналысатындар арасында бет бұратындар көп.

Бастапқыда суға жүзумен айналысқан едім. Кейін үйдегі ата-анамның қалауымен осы спортқа 1 ай бұрын ауыстым. Олимпиада, әлем чемпионатына қатысу сынды үлкен мақсаттарым жоқ. Ең бастысы — денемді шынықтырып, салауатты өмір салтын ұстану, — деді 14 жастағы спортшы Александр.

Айта кетейік, Париж Олимпиадасында бұл спорт түрінен әлемнің 58 мемлекеті 16 жүлде жиынтығын сарапқа салады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға