Жаңалықтар

Астанада балалар күнінде 20-дан астам аула ашылды

Астанада балалар күнінде 20-дан астам аула ашылды
Фото: instagram.com/akimat__astana 01.06.2024 23:45 367

Астанада балаларды қорғау күнінде елорданың бес ауданында тағы 20-дан астам аула мен қоғамдық кеңістік ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, Нұра ауданында Қыз Жібек көшесі  №32 мекенжайында тұрғындарға арналған заманауи стандарттар бойынша жабдықталған балалар алаңы бар аула ашылды. Мұнда шырша ағашы отырғызылып, сол сияқты work out аумағы мен үйдің аумағы абаттандырылған. Аула «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жөнделді.

Биыл ауданда барлығы 17 аула жаңартылады, сондай-ақ 65 аулада жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Бұан өзге биыл Нұра ауданында 3 гүлзар пайдалануға берілмек.

Ал Сарыарқа ауданында 1 маусым күніне орай бүлдіршіндерге арналған ойын және демалыс орындары жаңартылды. Мұнда «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында күрделі жөндеуден өткен аулалар ашылды. Олар Д.Бабатайұлы көшесіндегі №6, 8, 14, 16, 18, Кендал көшесіндегі №2, Боталы көшесіндегі №26 үйлердің жанында орналасқан.

Аулаларда жаңа резеңке жабын орнатылған, ойын элементтері жаңартылған. Спорт және футбол алаңдары жабдықталған. Биыл «Халық қатысатын бюджет-2024» жобасы бойынша ауданның 30 ауласын абаттандыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар ағымдағы жылы аудан аумағында қазіргі заманғы жайлылық пен қауіпсіздік стандарттарын ескере отырып, Юбилейная көшесі №22 және Жеңіс даңғылы №34 мекенжайлары бойынша екі жаңа қоғамдық кеңістік ашылады.

Бүгін Есіл ауданының тұрғындары үшін де қуанышты күн. Ауданда жаңа аулалар мен қоғамдық кеңістіктер ашылды. Мәселен, Пригородный тұрғын алабында Қабанбай батыр даңғылы №105 және Қабанбай батыр даңғылы №105А мекенжайларында абаттандырылған екі аула аумағы салтанатты түрде ашылды.

Аулаларда кешенді абаттандыру жүргізілген. Шағын архитектуралық мүсіншелер, work out аймақтары, көше тренажерлері орнатылған. Тартан және асфальт жабындары және т.б. төселген. Сондай-ақ әткеншектер, карусельдер, құм төселген орындар, ал ересектерге арнап спорттық тренажерлер бар.

Биыл Есіл ауданының тағы 7 ауласында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

2024 жылы жалпы қала бойынша 170 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылады деп жоспарланған. Бұл жұмыс қаланың барлық ауданын, оның ішінде тұрғын алаптарды да қамтиды. Қазір межеленген жұмыстың бір бөлігі аяқталды. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға