Астанада Азия ойындарының жеңімпаздары елге оралды
Астанада Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін салтанатты жағдайда күтіп алу іс-шарасы өтті. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Естеріңізге салсақ, 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Қытай мемлекетінің Ханчжоу қаласында XIX жазғы Азия ойындары өтті. Жарысты Қазақстан құрама командасы 80 медальмен тәмамдады. Олардың қатарында астаналық спортшылар да бар.
Жарысқа астаналық құрама команданың 5 спортшысы джиу-джитсу және шахмат спорт түрлерінен сынға түсті.
Команданың қоржынында 1 алтын, 1 күміс және шахматтан қазақстандық қыздар құрамасы командалық қола жүлдеге ие болды.
Азия ойындарында джиу-джитсу спорт түрінен сынға түсіп, чемпион атанған астаналық спортшы Нұржан Батырбеков ел қоржынына 10 алтынның біреуін алып келді.
Сол сияқты жерлесіміз Галина Дуванова күміс жүлдеге ие болды.