Астанада айыптұрақтар ақылы болады: алдын ала мөлшері анықталды
Елордада автокөліктерді эвакуациялау мен айыптұрақта сақтау тәртібі өзгеруі ықтимал. Жаңа ережелерге сәйкес, енді бұл мәселені жергілікті мәслихаттар өздері реттейді.
Ал бұл дегеніміз – олар тұрақтардың жұмыс тәртібін ғана емес, көлікті айыптұрақта сақтау құнын да белгілеуге құқылы деген сөз. Қазір ұсынылып жатқан тарифтер жүргізушілер үшін қаншалықты тиімді болмақ?
Tengri Auto мәліметінше, жобаны «Астана қаласының Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы» ЖШС әзірлеп жатыр. Бұл – толықтай мемлекетке тиесілі ұйым.
Алдын ала ұсыныс бойынша, көлікті эвакуациялау құны 6 АЕК деңгейінде белгіленуі мүмкін. 2026 жылғы есеппен бұл шамамен 29 950 теңге.
Оқи отырыңыз:
- 4,3 мың шақырым жол жөнделеді: министрлік жол бойындағы сервисті жақсартады
- Астанадағы LRT: жолақысы, іске қосылу мерзімі және жаңа кезең туралы не белгілі?
Айыптұрақта сақтау ақысы кезең-кезеңімен есептелмек:
эвакуациядан кейінгі алғашқы 3 сағат – тегін;
алғашқы тәулік – 1,5-тен 5 АЕК-ке дейін (шамамен 6 487 – 21 625 теңге);
одан кейінгі әр тәулік – 2-ден 7 АЕК-ке дейін (8 650 – 30 275 теңге аралығында).
Көлік қандай жағдайда эвакуацияланады?
Әзірленген ережелерге сәйкес, егер жүргізуші көлігін дұрыс қоймай, өзі орнында болмаса, көлік айыптұраққа жөнелтіледі. Сондай-ақ қараусыз қалған немесе иесін табу мүмкін болмаған көліктер де эвакуациялануы мүмкін.
Эвакуация жұмыстарын Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы жүргізеді және бұл қызмет ақылы болады. Нақты тарифтерді мәслихат бекітеді.
Көлікті эвакуациялауға құқық бұзушылықты тіркеген ресми акт негіз болады. Құжат электронды форматта да рәсімделуі мүмкін.
Эвакуация алдында көлік мұқият тексеріліп, барлық зақымдары (сызат, майысу және т.б.) хаттамаға енгізіледі. Процесс фото және видеоға түсіріліп, материалдар кемінде үш ай сақталады.
Маңызды жайт: көліктің ішінде адам немесе жануар болса, оны эвакуациялауға тыйым салынады. Егер олардың өміріне қауіп төнсе, арнайы қызмет шақырылады.
Егер жүргізуші эвакуация басталғанға дейін келіп, ереже бұзушылықты түзетсе, көлік алынбайды. Ал процесс басталып кеткен жағдайда, эвакуация құнын төлеуге тура келеді. Кейін иесіне көліктің қайда жеткізілгені, сақтау құны және қайтару тәртібі туралы хабарланады.
Айыптұрақтағы сақтау тәртібі
Айыптұраққа жеткізілген көліктер қайта тексерістен өтеді. Егер жаңа зақымдар анықталса, олар да тіркеледі. Осы сәттен бастап көлік үшін жауапкершілік тұрақ әкімшілігіне жүктеледі.
Төлем эвакуациядан кейінгі алғашқы үш сағат өткен соң ғана есептеле бастайды. Егер эвакуация заңсыз деп танылса, төленген қаражат толық қайтарылады. Ал 30 күннен астам уақыт төлем жасалмаса, қарыз сот арқылы өндіріліп алынуы мүмкін.
Айыптұрақта жеңіл көліктер ғана емес, мотоциклдер мен құқық бұзушылыққа қатысы бар немесе тәркіленген техника да сақталуы мүмкін.
Көлікті қайтарып алу үшін:
- бұзушылықты жою;
- эвакуация және сақтау ақысын төлеу;
- көлікті әкеткен органнан рұқсат алу қажет.
Қайтару кезінде көлік қайта тексеріліп, оның жағдайы фото-видеоға түсіріледі де, иесіне тапсырылады.
Әзірге бұл өзгерістер талқылау сатысында. Мәслихат соңғы шешімді әлі қабылдаған жоқ, сондықтан тарифтер мен талаптар өзгеруі мүмкін.
Бұған дейін Қазақстанда камералар «көбірек көре» бастайтыны туралы жазғанбыз. Сонымен қатар такси қызметіне қатысты да өзгерістер болады.

