Жаңалықтар

Астанада аялдаманың әйнегін сындырған кезекті вандал ұсталды

Астанада аялдаманың әйнегін сындырған кезекті вандал ұсталды
Фото: © Polisia.kz 21.11.2023 22:12 714

Қазақстанда қауіпсіз қоғам құруға бағытталған “Құқықтық тәртіп” кең ауқымды операциясы жалғасуда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ішкі істер ведомствосының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, ең алдымен профилактикалық сипаттағы алдын алу шараларына аса мән беріледі.

Саяжайлар, құрылыстар, базарлар, жалдамалы пәтерлер жіті тексеріледі. Түрлі құқық бұзушылықтарға, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық және жол қауіпсіздігі саласындағы бұзушылықтарға мүлдем төзбеу қағидаты басты назарда. Жедел-профилактикалық іс-шараның бірінші күні еліміз бойынша 17,5 мың әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді, оның ішінде 700-ге жуығы отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында, 40-қа жуығы бөтеннің мүлкін зақымдану фактісі, екі мыңға жуығы жалпы пайдалану орындарын ластауға қатысты, 500-ге жуығы тыныштықты бұзу фактісі. Көлік тізгіндеген 100-ден астам мас адам және жүргізуші куәлігінен айырылған 220 адам, іздеуде жүрген 18 қылмыскер ұсталды.

Бұрын жасалған 128 қылмыс ашылды. Мысалы, Астана қаласы полиция департаментінің полиция қызметкерлері аялдаманың әйнегін сындырған ер адамды ұстады.

Біржан сал көшесіндегі аялдама әйнегін белгісіз біреудің сындырғаны туралы хабар келіп түсті. Оқиға орнына автопатруль жіберілді. Өткізілген іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері қаланың 18 жастағы тұрғынын анықтады. Оған қатысты ӘҚБтК-нің 147-1-бабы және 434-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе бес тәуліктен он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылады. Аталмыш материал шешім қабылдау үшін әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жіберілді. Құқық бұзушы уақытша ұстау изоляторында, - дейді  елордалық полиция.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға