Жаңалықтар

Астанада аты аңызға айналған ұшқыш Талғат Бигелдиновке арналған жарыс өтті

Астанада аты аңызға айналған ұшқыш Талғат Бигелдиновке арналған жарыс өтті
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі 19.08.2023 20:55 1214

Елордадағы триатлон паркінде даңқты ұшқыш екі мәрте Кеңес Одағының Батыры авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтың 101 жылдығына орай жүгіру өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ерлер мен әйелдер арасындағы жарыс екі жас санатында, 10,1 және 5 шақырым бойынша өтті.

Іс-шара «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан және елорда әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Оған 700-ден астам адам қатысты. Олардың арасында Ақмола гарнизонының, Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, Қарулы күштердің ардагерлері, кәсіби спортшылар мен спорт сүйер қауым бар. 

Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов жарысқа қатысушыларға арнап сөз сөйледі.

Біз бұл шараны даңқты ұшқыш, әуе шайқасының шебері авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновке арнадық. Біздің курсанттар 22 жасында тек инстутты аяқтап жатады, ал ол осы жаста Кеңес Одағының Батыры атанды. Ол 300-ден аса жауынгерлік ұшулар орындап, жаудың 7 ұшағын атып түсірген. Оның өмірі – батылдықтың, табандылықтың және Отанға жанқиярлықпен қызмет етудің үлгісі, – деп атап өтті Д. Қосанов.

Жарыс алдында Қорғаныс министрлігінің, Қарулы күштердің, Шекара қызметі мен Ұлттық ұланның құрылымдық бөлімшелерінің атынан қатысқан әскери қызметшілер жүгірді.

18-49 жас аралығындағы ерлер арасында 10,1 шақырым қашықтықты жарыстың қорытындысы бойынша бірінші болып келген – Әлімжан Балтабек, екінші орынды Дамир Әбдірахманов, үшінші орынды Сұлтан Базарбаев иеленді. Осы жас санатындағы әйелдер арасында Жанна Әлжанова үздік деп танылды, Алиса Крафт және Алена Ақымбекова осы үштікке ілінді.

50 жастан асқан ерлер арасында Ринат Саликжанов бірінші орын алса, Лоренс Россов екінші, Арсан Жүзенов үшінші орынды қанжығаларына байлады. 50 жастан асқан әйелдер арасында Соня Вэкстейн жеңімпаз атанды.

18-49 жас аралығындағы ерлер арасында 5 шақырым қашықтықта Дәулет Сәдуақасов мәре сызығын бірінші болып кесіп өтті. Одан кейін Архат Қалдыбек келсе, үшінші болып Бейбіт Ахмуров мәреге жетті. Осындай санаттағы әйелдер арасында Дина Жәкенова жеңіске жетсе, екінші орынға Мадина Берқалиева, ал үшінші орынға Лунара Бекеева табан тіреді.

50 жастан асқан ерлер арасында Елеусіз Пардабай жеңіске жетсе, екінші орынды Сәкен Губашев, үшінші орынды Абай Тасболатов иеленді. Одан өзге 50-ден асқан әйелдер арасында Гүлмира Тұрлыханова жеңіс тұғырынан көрінді.

Жарыстың барлық қатысушыларына милитари үлгісіндегі футболкалар мен аты аңызға айналған ұшқыш басқарған шабуылдаушы ұшақ түріндегі медальдар табыс етілді.

Іс-шара аясында Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның әскери ансамбльдері, елорданың шығармашылық ұжымдары мен құрмет қарауыл ротасының дефилесі көрсетілді.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға