Жаңалықтар

Астанада Анадолы көшесі ашылды

Астанада Анадолы көшесі ашылды
Фото: Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты 27.10.2023 22:51 791

Астанада Түркия Республикасының жарияланғанына 100 жыл толуына орай Анадолы көшесі салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ашылу салтанатына Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Есіл ауданының әкімшілігі және түркиялық дипломаттар қатысты.

Айта кетейік, қыркүйек айында Мемлекет басшысы Түркияның ғасырлық мерейтойына орай Астана көшелерінің біріне Анадолы есімін беруді тапсырған болатын. Есіл ауданындағы көше осыған дейін № 28/1 сандық атаумен болған.

Бұл екі мемлекет арасындағы байланысты тереңдетуге ықпал ететін маңызды бастама. Биыл Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл толды және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы мерейтойға орай Анадолы көшесінің атауын беру туралы Жарлыққа қол қойды. Түркия Қазақстанның саяси, сауда, экономикалық, мәдени және басқа да салалардағы сенімді серіктесі болып саналады.
Түркия Қазақстанды тәуелсіздігімен құттықтаған алғашқы ел және екіжақты қарым-қатынас орнатқан бірінші мемлекет екені ел есінде. Біздің ата-бабаларымыздың анты орындалды, енді Түркия мен Қазақстан арасында жылы және достық қарым-қатынас орнады. Анкарада Қазақстанның атымен аталған көше бар, сол сияқты өткен жылы біз осы қалада халық ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына ескерткіш аштық, Ыстамбұлда Абай мүсіні де орнатылды.
Сонымен қатар, ынтымақтастықтың басқа да көптеген түрлері бар.
Анадолы көшесінің ашылуы осы жақсы дәстүрдің жалғасы болып саналады және біз мұндай іс-шаралар үнемі жалғасатынына сенімдіміз. Екі ел арасындағы қарым-қатынас нығая берсін, - деп атап өтті Есет Байкен.

Көшенің ашылу салтанатында Түркия Республикасының ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджу құттықтау сөз сөйледі.

Түркия мен Қазақстан – Еуразияның әр түкпірінде орналасқан екі мемлекет.
Дегенмен, айтарлықтай алыс жатқанына қарамастан, ортақ қасиеттеріміз бар. Осы ортақ белгілердің ішінде тілдік, мәдени және діни бірлікті ерекше атап өтуге болады.
Жақында Ататүрік астаналық саябағында Юнус Эмреге ескерткіш ашылды. Бұл ескерткіш біздің халықтар арасындағы терең рухани байланысты бейнелейді.
Түркия Республикасының жүз жылдығы қарсаңында ашылған Анадолы көшесі Түркия мен Қазақстан бірлігінің маңызды символына айналады деп санаймын. Мұндай іс-шаралар тек символдық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар біздің елдеріміз арасындағы тарихи және мәдени байланыстарды сақтау және жалғастыру үшін ерекше маңызға ие.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа осы көше атауының бастамасы үшін және Астана қаласы әкімдігіне осы мәселеге ерекше назар аударғаны үшін алғыс білдіргім келеді, - деді Мұстафа Капуджу.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға