Жаңалықтар

Астанада «Ахмет – ұлт ұстазы» атты мәдени-танымдық кеш өтті

Астанада «Ахмет – ұлт ұстазы» атты мәдени-танымдық кеш өтті
Фото: Астана қалалық әкімдігі 06.09.2024 12:52 488

2017 жылы Үкімет қаулысымен 5 қыркүйек, яғни Ахмет Байтұрсынұлының туған күні – Қазақстан халқы тілдерінің күні болып ресми бекітілген болатын. Осыған орай жыл сайын әртүрлі форматта іс-шаралар ұйымдастырылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл ізгі дәстүр бүгінде өз жалғасын тауып, Астана қаласының Жастар театрында Астана қаласының әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен, «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастырумен «Ахмет – ұлт ұстазы» атты мәдени-танымдық кеш өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Кеш шымылдығы «Алтын домбыра» өнер мектебінің күйшілерінің орындауындағы «Науай» және «Башмотой» күйімен ашылды.

Ары қарай Ахмет Байтұрсынұлының әндері шырқалып, күйлері орындалды. Сондай-ақ, кешке қатысып, өнер көрсеткен Қазақстан Республикасының «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Ибрагим Ескендір сияқты әншілер кеш мерейін асырса, «Жастар театры» ұжымы Ахметтің өмірінен бір қиық көрініс қойып жұртты тәнті етті.

Ал кешке келген көрермендер ұлт ұстазының әлі де ашылмай жатқан қырларының көп екенін айтады.

XX ғасырдың басында «Қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деген Әлихан бастаған мемлекетшіл көсемдер алаш баласын бостандыққа жетеледі. Міне осы жолда аянбай еңбек еткен тұлғалардың бірі және бірегейі ол – Ахмет Байтұрсынұлы. Ол қазақтың әліпбиін жасап берді. Сонымен қатар, ол ән де, күй де шығарған тұлға. Демек ұлт ұстазы деген атқа нағыз лайықты адам болып өмір сүрді. Оның қазаққа сіңірген еңбегінің ұшан теңіз екенін болашақ әлі талай талқыға салатын болады. Бір сөзбен айтқанда Ахметтің туған күні, ол қазақ тілінің мерейтойы, ол алаш жұртының кеудесін мақтаныш кернеп, рухының көтерілетін күні, – дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР көркем академиясының академигі Марат Әбсемет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға