El.kz/Арман МҰХАТОВ

Астанада 18 мыңға жуық оқушы асық ойнады

Елордада Ұлттық спорт күніне орай бір мезетте 18 мыңға жуық оқушы асық ойнап, ұлттық ойынға деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті. Ауқымды мәдени-спорттық іс-шара жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға баулуға бағытталды.

Іс-шара Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы алаңында өтті. Бағдарлама аясында «Алтын сақа» флешмобы ұйымдастырылып, ұлттық асық ойыны кеңінен насихатталды. Ерекше атап өтерлігі – іс-шара цифрландыру жылы шеңберінде заманауи форматта өтіп, жүргізуші қызметін «Айдар» атты жасанды интеллект атқарды.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от EL.KZ (@elkz_portal)

Жекпе-жек сарайындағы негізгі алаңда 3 мыңға жуық оқушы арнайы композициялар құрып, асықтың «алшы» формасын және «Алтын сақа» жазуын бейнеледі. Музыкалық сүйемелдеумен орындалған би элементтері флешмобтың мазмұнын айшықтай түсті.

Флешмоб аяқталғаннан кейін жасанды интеллекттің белгісімен елордадағы барлық мектептер мен балабақшаларда асық ойыны басталып, 15 мыңнан астам бала бір мезетте ұлттық ойынға қосылды. Осылайша, жалпы қатысушылар саны 18 мыңға жуықтады.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бүгінде Астана қаласында 300 мыңға жуық оқушы білім алады. Соның ішінде бұл бастамаға мыңдаған бала белсенді қатысып, ұлттық ойынның ауқымын кеңейте түсті.

Астана қаласы білім басқармасының маманы Мадина Сүлейменова «Алтын сақа» жобасының мәніне тоқталды. Оның айтуынша, бұл бастама – Наурыз мерекесі қарсаңында ұлттық спортты дәріптеудің тиімді жолы.

Асық ойыны – халқымыздың ежелден келе жатқан мұрасы. Ол баланы ептілікке, шеберлікке, тәртіпке және мергендікке баулиды. Сондықтан оны кішкентайынан үйрету – ұлттық тәрбиенің маңызды бөлігі, – деді ол.

Райымбек батыр атындағы №50 мектеп-лицейінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Олжас Семсерхан мұндай іс-шаралардың маңызы ерекше екенін атап өтті.

Ғасырлар бойы ата-бабамыздан жеткен ұлттық ойындарды кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің ортақ міндетіміз. Асық – тек ойын емес, ол тәрбиенің бір бөлігі. Сондықтан мұндай бастамаларды барлығымыз қолдауымыз керек, – деді ол.

Оның айтуынша, іс-шараға дайындық бір айға жуық уақытқа созылған. Қазіргі таңда мектептерде асық ойыны үйірмелері жұмыс істейді. Дегенмен қала балалары үшін бұл ойын әлі де жаңаша тәжірибе.

Ауылдағыдай кең таралмағанымен, мектеп бағдарламасына енгізілуі арқылы балалардың қызығушылығы артып келеді, – дейді.

Іс-шараға негізінен 7-8 сынып оқушылары, яғни 13-14 жастағы жасөспірімдер қатысқан. Өз әсерін бөліскендердің бірі – Шерхан Мұртаза атындағы №63 мектеп-гимназиясының оқушысы Айдар Бақытжанұлы.

Бүгінгі флешмоб өте көңілді өтіп жатыр. Әсіресе, асық ойыны қызықты. Бұл – қазақтың ұлттық ойыны, біз оны достарымызбен бірге ойнап жатырмыз, – дейді ол.

Оқушының айтуынша, асық ойнауды бала кезінен меңгерген.

Ауылда жүріп үйрендім. Бұл ойын дәлдікке, ептілікке баулиды, – деп атап өтті.

«Алтын сақа» флешмобы – ұлттық ойындарды жаңғыртып, оны жас ұрпақтың өмір салтына енгізуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі.