Жаңалықтар

Астанада 1,5 млн теңгеге алтын бұйымдар ұрлаған әйел ұсталды

Астанада 1,5 млн теңгеге алтын бұйымдар ұрлаған әйел ұсталды
Фото: ©El.kz/Арман Мухатов 13.07.2024 18:15 655

Астанада бөтеннің үйінен алтын бұйымдар тонаған әйел құрықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Астана қаласы ПД мәліметінше, Алматы ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде тонады деген күдікпен 48 жастағы әйелді анықтады.

Тергеу барысында белгілі болғаны, әйел оң жақ жағалаудағы тұрғын үйлердің біріне келген. Аулада ойнап, үйіне кіріп бара жатқан кәмелетке толмаған баланы көріп, ол соңынан еріп барған. Баланың артынша пәтерге кіріп, су беруін өтінген. Үйде ересектердің жоқтығына көз жеткізген қаскүнем жатын бөлмеге кіріп, сөреден бағалы тастары бар алтын бұйымдарды сөмкесіне салып алған. Кәмелетке толмаған бала тонаушыны тоқтатпақшы болған, алайда әйел қашып кеткен, - делінген мәліметте.

Келтірілген материалдық шығын 1,5 млн теңгеге жуық соманы құраған. Ұрланған бұйымдарды ломбардқа өткізген.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әйелдің елорда аумағында жасалған басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарға сақ болуды, бағалы заттарды қараусыз қалдырмауды, бейтаныс адамдарға сенбеуді ескертеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға