Ұлттық ұлан

Астанада 125 сарбаз ант қабылдады

04.08.2025 19:06

Астанада Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметке жаңадан шақырылған жас сарбаздардың салтанатты әскери ант қабылдау рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ұлттық ұлан мәліметінше, биыл әскери бөлімге Солтүстік Қазақстан, Жетісу, Қостанай және Павлодар облыстарынан 125 жас сарбаз келіп қосылып отыр. Олар  ата-аналарының, ардагерлер мен командирлердің алдында әскери борышын адал атқаруға салтанатты түрде ант берді.

Әскери бөлім командирі, полковник Ерлан Боранбаев өз сөзінде әскери анттың Отан қорғаушы болуға бастайтын қасиетті жол екенін атап өтті.

Бүгіннен бастап сіздер — Ұлттық ұланның сарбаздарысыздар. Сіздер халық, ата-ана және ар-ұждан алдында адал болуға ант бердіңіздер. Тәртіп, адалдық пен ерлік — бұл жай ғана сөздер емес, бұл — сіздердің қызметтеріңіздің мәні.

Салтанатты шарада 6636 әскери бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы подполковник Феликс Дульский мен запастағы майор Инсафитдин Гареев сөз сөйлеп, жас сарбаздарға рух биіктігін, төзімділік пен әскери антқа адал болуларын тіледі.

Мемлекеттік күзет қызметінің полковнигі, таулы Қарабахтағы ұрыстардың қатысушысы Евгений Лавренюк жас сарбаздарға арнаған сөзінде әскердегі қызметтің маңызын атап өтіп, өз жауынгерлік тәжірибесімен бөлісті. Ол әскерде ең маңыздысы — бірлік, өзара қолдау мен өз күшіңе сену екенін айтты. Ұлттық ұландағы қызмет жас сарбаздар үшін ерлік пен өмір мектебі боларына сенім білдірді.

Жас сарбаздардың бірінің әжесі — Зақыт Калямова ата-аналар мен туыстар атынан сөз сөйлеп, жасөспірімдердің азаматтық жолға аяқ басқанына мақтаныш білдіріп, сарбаздарға мықты денсаулық, табысты қызмет пен абыроймен елге оралуын тіледі.

Шара соңында 2025 жылдың 1-шақырылымындағы сарбаздар қоян-қолтық ұрыс тәсілдерінен көрсетілім өткізді.